Өскемен қаласының маңындағы «Звездный» саяжайының мәселелерімен арнайы құрылған жұмыс тобы айналыспақ

603
көрілім

Өскемен қаласының маңындағы «Звездный» саяжай аумағының тұрғындары жарықсыз, сусыз күн көріп келеді. Аталған мәселені назарға алған аймақтың қоғам белсенділерінің бастамасымен арнайы жұмыс тобы құрылмақ, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Әрдайым өшіп қалатын жарық пен тартылмаған су желісі «Звездный» саяжай аумағының тұрғындарын әбден мезі қылған. Оның үстіне сығырайған жарықтың бағасы да қала тұрғындары төлейтін бағадан әлдеқайда жоғары. Ал саяжай ішіндегі жолдың жағдайын бірнеше мәрте қозғаған тұрғындар құзырлы органдардың табалдырығын тоздырудан шаршап, амалсыздан үміттерін үзген, себебі қыс мезгілінде жолды боран алып қалса, күз, көктем уақыттарында батпақ жолмен жүрудің өзі қиямет-қайым.

Аталған мәселені республика деңгейінде көтеріп, «Саяжай туралы заң» қабылдауды ұсынып жүрген облыстық қоғамдық Кеңес мүшесі Олег Чернышовтың бастамасымен тұрақты даму және ӨСАБ сұрақтары бойынша сараптама-жұмыс тобының мүшелері және қалалық қоғамдық Кеңес мүшелері жуықта «Звездный» тұрғындарымен кездесті.

Саяжайда қоныстанған тұрғындардың мәселесі тек біздің қалада емес, республиканың барлық аумағындағы шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі, cебебі саяжайға көшіп келіп, осы жерге тіркелген азамат сапалы электр қуаты мен су желісіне зәру. Алайда біздің елімізде бұның барлығын жүйелейтін саяжай туралы заң қарастырылмаған. Егер заң болса, бұл сұрақтарды біржақты етуге болар еді, – дейді Олег Чернышов.

Кездесудің қорытындысы бойынша, аталмыш саяжай аумағының сұрақтарын көтеріп, сарапқа салып, шешу жолдарын қарастыратын арнайы жұмыс тобы құрылмақ. Оған қоғамдық Кеңес, қалалық әкімдік бөлімінің өкілдерімен қатар, саяжай аймағының басшылығы да кіреді. Алдағы уақытта осы тәжірибені негізге ала отырып, басқа да саяжай аумақтарында жұмыс тобын құру жоспарланған. Осылайша өзін-өзі басқару ұйымы күрмеуі қиын мәселелерді жүйелі түрде шешуде ұйтқы болмақ.

Асқар ТҰМАРБЕК