Кеше ГЭС-тің сол жағында орналасқан жеке тұрғын үйлердің біріндегі ауладан өрт шығып, жанып жатқан өртті ауыздықтау үшін өрт сөндіру қызметкерлеріне соқпақты асулардан өтуге тура келді. Оқиға орнына келіп жеткен олар тілсіз жаудан 3 газ балонын алып шықты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Өскемен қалалық ТЖБ-ның хабарлауынша, өрт Солжағалау көшесінде тіркелген.
– Жеке тұрғын үйдің гаражы, құрылыс вагоны мен «Урал» мотоциклі отқа оранған. Пәтер иелері үйде болмағандықтан өртті олардың көршілері хабарлады. Соқпақты асулардан өткен өрт сөндірушілердің сол жерге жетуіне 40 минут уақыт кетті, – деп хабарлады ТЖБ баспасөз қызметі.
Өрт сөндіру қызметкерлері тілсіз жау шарпыған жеке тұрғын үйден 3 газ балонын алып шыққан. Өрттің жалпы аумағы 100 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ.