Өскемен қаласының саябақтарындағы батуттар тексерілуде

281
көрілім

Өскемен қалалық Полиция басқармасының тәртіп сақшылары мен Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «Металлургтер» саябағындағы батуттерді тексерді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

25 мамыр күні Қарағанды қаласының Орталық саябағында күшті желден үрлемелі батут аударылып қалған болатын. Соның салдарынан дене жарақатын алған 12 жасар бала мерт болды.

Қайғылы оқиғадан кейін қалалық жерде орналасқан батуттарды тексеру шаралары жүргізіле бастады. Бұдан Өскемен қаласының құзырлы органдары да шеткері қалған жоқ.

– «Металлургтер» саябағында жүргізілген рейдтік шара барысында батуттың бекітілуі, санитарлық-эпидемиологиялық заңнаманың сақталуы, батутта ойнайтын балаға қойылатын бойы, салмағы және басқа да талаптар жайлы жазылған ескертпе тақтайшасының болуы тексерілді. Әзірге ешқандай бұзушылық тіркелмеді. Бұл мақсаттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деп хабарлады Өскемен қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметі.