Өскеменнің бұрынғы, тарихи атауы – Кеңгір-Тұра. Мұны американдық студент докторлық диссертациясында атап көрсетті. Бұл туралы журналист Азамат Қасым фейсбуктегі парақшасында жазды.
– Құнды құжаттардың суреттерін маған Америкадағы әйгілі Гарвард университетінде жұмыс істейтін, сондағы Фэрбанк Қытай зерттеу орталығының зерттеуші ғалымы, тарихшы Нұрлан Кенжеахмет ағамыз жіберді. Ғалымның айтуынша, американдық Бенджамин Сэмюэль Леви есімді студент 2013 жылы «Жоңғар босқындары және қытайлық Цин-Қазақ шекарасында империяның құрылуы, 1759-1773» («Jungar Refugees and the Making of Empire on Qing China's Kazakh Frontier, 1759-1773») тақырыбында докторлық диссертация қорғаған, – дейді Азамат Әбілұлы.
Ағылшын тіліндегі диссертацияны тек Гарвард кітапханасынан оқуға болады. Оның ғылыми жұмысында Кеңгір-Тұра сөзі үш жерде (біреуі түсініктемеде) кездеседі. Докторлық диссертацияның 212 бетіндегі түсініктемеде: «Kengger Tura is known as Ust-Kamennaya in Russian. It was the southern most outpost on the Russian “Irtysh Line” that marked the boundary of the Russian Empire” деп жазылған. Қазақша мағынасы: «Кеңгір Тұраны орысша Усткаменная деп атайды. Бұл Ресей империясының шекарасын белгілейтін «Ертіс сызығының» ең оңтүстігіндегі форпосты болды».
– Америкалық студент ғылыми еңбегін мәнжүр тіліндегі архивтерге сүйене отырып жазған, – дейді тарихшы Нұрлан Кенжеахмет. – Мәнжүр Қытайды 250 жыл билеген ұлт. 1911 жылы қытайлар ұлт ретінде жойып жіберген. Бір ғажабы, 1600-1911 жылдар аралығында өмір сүрген мәнжүрлер өздерінің тілдерін 311 жылда дүние жүзіндегі ең ұлы тілдердің біріне айналдырды. Қазір мәнжүр тілін үйренушілер латын тілін үйренушілерден кем түспейді. Сұраныс өте жоғары. Мұның бізге де қатысы бар. Себебі, Абылай хан заманындағы қазақ тарихының сыры мәнжүр тіліндегі архивтерде. Қазақ тарихы туралы деректер неше мыңнан асады. Өзім мәнжүртанушы емеспін, алайда мәнжүр картасындағы топонимдерді зерттеу үшін Гарвардта мәнжүр тілін үйреніп жүрмін. Қазір мәнжүр картасындағы топонимдерді, мәнжүрше мұрағаттарды оқи аламын. Ал біз сөз етіп отырған америкалық студенттің диссертациясының құндылығы – 100 пайыз Шығыс Қазақстан туралы жазылғандығында. Болашақта бұл еңбекті қазақ тілінде аударса игі іс болар еді.
Н.Кенжеахмет Өскеменнің 1757 жылдарға дейін Кеңгір-Тұра аталғанын, бұл туралы Қытай ғалымы Тан Цисян құрастырған «Қытайдың тарихи атласының» VІІІ томында жазылғанын және 1769 жылы сызылған «Цяньлунь нэйфу юйту» («Цяньлун патшаның орда картасы») картасында Кеңгір-Тұра Ертіс өзені жағасында деп көрсетілгендігін бұған дейін өз сұхбаттарында айтқан болатын.
Тағы бір қызықты дерек, көне Ренат (Ренат Юхан Густав деген шведтің әскери қызметкері 1716-1733 жылдары жоңғарлардың тұтқынында болған кезінде осы картаны сызған дейді) картасында Шығыс Қазақстанда Шүлбі, Үлбі және Бұқтырма өзендерінің ортасында Кеңгір деген өзен атауы көрсетілген. Аталған карта ағылшын саяхатшысы Джон Бадделидің «Ресей, Моңғолия және Қытай» деп аталатын екі томдық монографиясына да енген.