Үй ауласында көмілген жарылғыш затты Үлбі Полиция бөлімінің қызметкерлері жедел алдын алу шараларының барысында анықтаған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Қала тұрғындары тәртіп сақшыларының түрлі заттарды бақылауға алып қоршау жасайтын оқиғаларына үйреніп қалған. Бірақ осы жолы шынайы жарылғыш зат табылды.
– Үй иесін тергеу кезінде бір жыл бұрын Шемонаихада тұратын танысы келіп, сырты оралған заттарды қалдырып кеткені белгілі болды, – деп хабарлады Полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Салмағы жарты келіден асатын бомба іске қосылмаған. Өйткені оның иесі 2019 жылдың ақпан айында көз жұмған. Қандай мақсатта, не үшін қолданбақ болғаны әлі белгісіз.
Тергеу амалдары үй иесінің жарылғыш зат туралы білу-білмеуін анықтауда. Табылған зат Қостанай қаласына сараптамаға жіберілген.
Мұндай заттарды заңсыз сақтағаны үшін үй иесі қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бес мың АЕК көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін. Онымен қоса түзеу жұмыстары мен бес жылға дейінгі бас бостандығынан айыру амалдары да қарастырылуы ықтимал.