Бойында есірткіге деген тәуелділігі бар еркек тапқан-таянғанының барлығын соған жұмсайтын. Күндердің күнінде қалтасы қағылған ол заңсыз жолмен пайда табуды көздейді. Дүкеннен темекі ұрлап сатуға бел байлаған өскемендік қылмыстық әрекетінің бүге-шүгесін ойластырып алады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Нашақорлық – талай адамның өмірін қор қылған індет қой. Евгений Шаповаловтың (аты-жөні өзгертілген) біреуден кем, біреуден ілгері күн кешкен тұрмыс-тіршілігі есірткінің кесірінен ойран-топыр болды. Жұмысынан айырылып, ақша табу мұңға айналғанда 40 жастағы ер адам заңсыз жолға бет бұрады. Алайда ол ұрлық жасап, үй тонап емес мүлде басқандай амалмен пайда көрмек болған.
Алдын ала құрылған жоспар бойынша әрекет еткен Евгенийден ең бірінші Астана көшесінде орналасқан дүкен иесі зардап шекті. Үстіне әжептәуір киім киген азамат кіріп келіп, консерв құтысын сұрағанда сатушыға жаман ой еш келмеген. Содан кейін басқа азық-түлік алған Евгений Шаповалов 14 дана темекі қорабын сұрайды. Оның үстіне ол барлығын бірден пакетке салып отырған. Кенет сатушыдан сөренің арғы жағында тұрған нәрсені сұраған еркек пакеттің ішінен темекі қорабтарын алып шығып, өзінің сөмкесіне лып еткізіп салып жібереді де, ұялы телефонын құлағында төсеп, сыртқа шығып кетеді. «Бір маңызды қоңырау болып қалған шығар» деп ойлаған әйел адам оның артынан баруды жөн санамаған. Азық-түліктер салынған пакет те іште тұр. Алаңдайтын ештеңе жоқтай көрінген. Бірақ арада жарты сағат өтсе де әлгі азамат қайтып оралмады. Осы кезде ғана сатушы пакетте темекінің жоқтығын аңғарған.
Дәл осындай әдіспен Евгений жеті дүкеннен темекі жымқырады. Кей жерде 5-7 қорабтан алса, сәті түскенде 2-3 блоктан да ұрлап отырған. Десе де оның қуанышы көпке созылмады. Ойлап тапқан тәсілі әуел баста жемісті көрінгенімен қазіргі уақытта көптеген дүкендерге бейнебақылау камераларының бар екендігін ескермепті. Зардап шеккендер қарап қалмай, құқық қорғау органына хабарласып, мән-жайды баян еткен. Полиция қызметкерлері сол дүкендердегі бейнежазбалардың арқасында көп ұзамай Евгений Шаповаловты қолға түсірген.
Өскемен қалалық №2 сотында қаралған сот ісінде айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне өкінетіндігін жеткізді. Сот үкімі бойынша ер адам 1 жылға бас бостандығынан айырылып, 35 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сотталушы өз жазасын қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесінде өтейтін болады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ