Өскемен қаласының үш тұрғыны полиция қызметкеріне пара ұсынған

394
көрілім

ШҚО Полиция департаментінің хабарлауынша, екі көлік жүргізуші мен бір жаяу жүргінші ақша беру арқылы әкімшілік құқықтан жалтарып кетпек болған, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Полиция қызметкерлері Абай даңғылына Toyota Land Cruiser Prado көлігін тоқтатқан. Көлік рөлінде 70 жастағы зейнеткер болған.

Тәртіп сақшылары көлік жүргізушісінің Абай даңғылы мен Интернациональной көшесінің қиылысында жол ережесін бұзғанын анықтады.

- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру кезінде ер адам қызметкерге 5000 теңге көлемінде ақша ұсынады. Тәртіп сақшылары жүргізушіге қылмыстық жауапкершілік туралы ескерткеніне қарамастан айыпталушы ақшаны көліктің ішіне тастап кеткен, - деп хабарлайды ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары арнайы мамандандырылған медициналық орталық аумағында «тұраққа тыйым салынады» деген белгі бар жерге қойылған Lada Granta автокөлігін байқайды. Көлік жүргізушісі де полиция қызметкерлеріне 5000 теңге ұсынып, мәселені тез арада шешуге тырысқан.

Виноградов көшесінде 51 жастағы азамат белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен. Әкімшілік жауапкершілікке тартылмау үшін тәртіп сақшыларына 2000 теңге пара ұсынады.

- Барлық аталған факті бойынша ШҚО Полиция департаменті Қылмыстық Кодекстің 367-бабы, 1-бөлігі (пара беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, - деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.