Өскемен мен Семейде 2 сәуірден бастап қосымша шектеу шаралары енгізіледі

572
көрілім

Коронавирустың таралуына тосқауыл қою мақсатында 2 сәуірден бастап Өскемен мен Семей қалаларында қосымша шектеу шаралары енгізілмек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл жайлы облыс әкімі Даниал Ахметов өзінің instagram парақшасында жазды.

- Тұрғындардың ұсынысы бойынша мемлекеттік комиссияның келісімімен сәуірдің 2-сі сағат 00.00-ден бастап Өскемен мен Семейге кіріп-шығу шектеліп, 15 бақылау-өткізу пункті қойылады. Сонымен қатар бірінші қажеттіліктегі тауарларды жеткізу үшін «жасыл дәліз» ашылды. Көлік қозғалысы күндіз шектеліп, түнде тоқтайды. Тек қызметтік көліктерге рұқсат берілмек. Бір апта ішінде қоғамдық көлік қатынасы қысқартылады. Кәсіпорындар өз қызметкерлерін жеке кесте бойынша жеткізетін болады, - дейді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, 6 сәуірден бастап, жеке көлік қозғалысы шектеледі. Күнтізбенің жұп күндері, көлік нөмірі нөлді қосқанда, тек жұп санына аяқталғандар, ал тақ күндері, көлік нөмірі тақ санға аяқталғандар ғана жүреді. Сондай-ақ Өскемен, Семей аумағында тұрғындардың жүріс-қозғалысы тек рұқсат қағазы арқылы жүзеге асады.

- Рұқсат қағаздың бірінші түрі – қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым қызметкерлері, жұмыс істейтін азаматтарға арналған. Екінші түрі – әрбір отбасына беріледі. Ол арқылы аптасына 3 рет сауда орындарына, дәріханаларға, банктер мен медицина мекемелеріне баруға болады. Рұқсат қағазының жасыл түсі – жұп күні, ақ түсі – айдың тек тақ күндерінде шығуға мүмкіндік береді, - деді Даниал Кенжетайұлы.

2 сәуірден бастап, азық-түлік дүкендерінен басқа, ірі сауда нысандарының қызметі тоқтайды. Мейрамханалар, дәмханалар, асханалар онлайн түрде тапсырыс жеткізу режиміне өтеді. Қызмет көрсететін – сұлулық салондары, массаж орталықтары, сауналар толық жабылады. Бұл қызмет түрлерін үйде көрсетуге қатаң тыйым салынбақ.

- Өскемен және Семейдегі жасы 70-тен асқан зейнеткерлерден, бірінші, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардан үйден шықпауларын сұраймын. 2 сәуірден бастап, азық-түлік, дәрі-дәрмекті үйлеріңізге жеткізетін боламыз. Ол үшін әлеуметтік маңызы бар, азық-түлік өнімдерінің 19 түрі, гигиена құралдарының 10 түрі кіретін 4 жинақ жасалды. Жеткізу аптасына бір рет тегін болады. Еліміздегі төтенше жағдайды ескере отырып, жақын арада Жеңіс күніне арналған біржолғы төлемдерді беруді бастаймыз. Соғыс ардагерлеріне 600 мың теңгеден, марапатталған тыл еңбеккерлеріне 100 мыңнан, ал марапаты жоқ тыл еңбеккерлеріне 42500 теңгеден береміз, - деді әкім.

Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары күшейтілген. Өскемен 200, Семей 202 шаршы аумаққа бөлінді. Күш құрылымдары үш ауысым бойынша жұмыс істемек.