Өскемен прокурорлары алименттен жалтарып жүрген борышкерлердің «ізіне түсті»

563
көрілім

1-27 мамыр аралығында Өскемен қаласының прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп «Алимент төле акциясын өткізуде. Оның мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, алименттік төлемдер бойынша берешек көлемін азайту, жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі кезде облыс орталығында 188 атқарушылық құжаттар бойынша 156 млн. теңгеден астам алимент берешегі жинақталған. Акция барысында қала прокуратурасы Өскемен қалалық қамту Орталығының қызметкерлерімен әр аптаның бейсенбісінде жұмыссыз борышкерлерді есепке алады. Оларға бос жұмыс орындары ұсынылады. Орталыққа келмесе немесе жұмысқа орналасуға ниет білдірмесе оларға қатысты заңмен белгіленген жауаптылық шаралары қолданылады.

Атап өтерлігі, өткізілетін акция шеңберінде прокуратура қызметкерлері қала кәсіпкерлерімен бірлесіп, кәмелетке толмаған балалары бар қолайсыз отбасыларға, ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға көмек көрсетеді. Жалғызбасты аналарды жұмысқа, балаларды мектептерге, балалар бақшасына, каникул кезінде балаларды жазғы демалыс лагерлеріне орналастырады. Жәрдемақы алу үшін құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі, мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алуға жәрдемдеседі. Қоғамдастықтың назарын алименттерді төлемеу мәселесіне аудару мақсатында осында акция тоқсан сайын өткізіледі.