Өскемен тұрғындары ауаның ластануына байланысты Президентке петиция дайындап жатыр

885
көрілім

Алматының ізін алып, Өскемен де дем алу мүмкін емес деп дабыл қақты. Соңғы уақытта қала тұрғындары тыныс алу қиындап, дәріханаларға баруымыз жиілеп кетті деп шағымданды. Жұрт жаппай петицияға қол қойып, оның мазмұнын Шығыстың бас шаһарын мемлекет деңгейіндегі экологиялық апатқа жатқызу қажет екендігімен байланыстырды. Құжат облыс әкімдігі емес, бірден Президентке бағытталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көбі күдікпен қарайды

Петицияның авторы – Қалибек Қалиолданов есімді қоғам қайраткері. Оның сөзінше, бастамасын қолдап, демеу танытқандардың кейбірі петицияға электронды қолтаңбаларын да қалдырып жатыр. Қала тұрғындары кемі 20 жылдан бері осыны мәселе етіп көтеріп, мемлекет басшылығындағылардың құлағына жеткізе алмай әлек. Ал қоғам қайраткері әзірлеген құжатта өскемендіктер күніне қанша рет дем алып, дем шығаратындығына дейін жазылған.

– Жағдай ушығып жатқанда үндемей тұра алмаймыз. Лас ауадан өлуге шақ қалдық. Ал біздің ақшамыздың есебінен күн кешіп жүрген билік басындағылар қарапайым халық пен балаларымызды бұл қатерден қорғау үшін еш шара қолданып отырған жоқ. Бір адам күніне 25000 рет дем алып, дем шығарады. Сонда Өскемендегі 350 мың тұрғын күн сайын осы әрекетті 9 миллиард рет жасап, ластанған ауаны жұтып жүреді. Оның ішінде кәсіпорындардан бөлінетін зиянды ауа қалдықтары, көліктен шығатын түтін, одан бөлек, түрлі шаң-тозаң бар. Тамағымыз қарылып, жиі жөтелеміз. Өскеменде пәтер бөлмелерін желдетуден қалдық, терезені ашсақ бүкіл үйді алады. Ал бала-шағамен серуендеп қайту деген – ауруды тілеп алғанмен бірдей, – делінген петицияда.

Көбі мұндай белсенді әрекеттің соңы нәтижесін береді дегенге күдікпен қарайды. Бірі – мұның артында қомақты қаржы жатқанын, шенділердің көпшілік пікіріне пысқырмайтынын айтса, енді бірі экология департаменті өкілдерінің ауаны тазарту тетігін таба алмағандарын сынға алды.

– Қазір бір жерден қуырылған не күйген иіс шықса биліктегілер ауаның ластануын сонымен ұштастырады. Ары кетсе зауыттарды айыппұл салып жазалап, ырымын жасайды. Кейін бәрі баяғыдай өршиді. Соңғы күндері ауа қоңыр-сарғыш түске өзгергендей, – дейді Марина есімді қала тұрғыны.

«Биліктегілер естімегендей кейіп танытады»

Құжат мәтініне үңілсек, қаңтар айының 1-і күнгі мәліметке сәйкес Өскеменде онкологиялық ауруға шалдыққан 13 мыңнан астам адам бар. Статистикалық жағынан алдыңғы жылдармен салыстырғанда өсім байқалатынын жасырын емес. Сондай-ақ құжатта тұрғындар мол шоғырланған ауданда үш бірдей ірі кәсіпорын орналасқаны жазылады. Айталық, Абай даңғылы бойымен жоғары өрлейтін жол титан-магний комбинатына апарады. Ол жақта 60-70 жыл бұрын салынған жер үйлер де көп.

– Самар ауданынан көшіп келгенімізге бес-алты жылдың жүзі болды. Жап-жақсы аудан, бірақ түтінге тұншығып, жиі ауырып қаламыз. Бір сағаттай сыртта жүрсек, тамағымыз күйіп бара жатқандай болады. Жастай ауырған балалар кейін есейгенде қайтпек? Шыны керек, тұншығып барамыз, – деді Согра тұрғыны Арман Нұрмадиев.

Құжатқа зер салсақ, «Қазцинк», «Үлбі» металлургиялық зауыттары да қамтылған. Онда қорғасын, мырыш, күшәла, берилийдің қоспалары қолданылады. Егер бір шара қолданбаса, кейін жағдайды түзеу мүмкін болмай кетеді.

– Осыған байланысты ауадан бензол мен бензпирен анықталып, олардың шекті рұқсат етілген концентрациясы тиісті нормадан асып кеткені белгілі болды. Тұманға ұқсас құбылыс та жиіледі. Метеоролог мамандар Еуропа елдерінде мұны қауіптің алғашқы сатысына жатқызып, заттың концентрациясы көбейсе көлік қозғалысы тоқтайтынын жазады. Бізде тек қолайсыз метеорологиялық жағдай деп ескерту жасаумен шектеледі. Соған қарағанда қалада ауа күнде ластанатын сияқты. Ал хабарламаның өзі: «Дайын болыңыздар, қазір сіздерді улап, өлтіреміз» деп үндеп тұрғандай. Қазақстандағы экологтар да, қоғам белсенділері де Өскемендегі ауаның ластануы тиісті мөлшерден асып кеткендігін бұрыннан айтып келеді. Бірақ билік өкілдері халықты естімей жүргендей кейіп танытады, – дейді құжаттың авторы.

Қол қойғандар саны көбейіп келеді

Петицияның түпкі мазмұны мынау – биліктегілер Өскемендегі жағдайды экологиялық апат деп ресми түрде растап, бекітулері тиіс. Президентке жазылған хатта әр қала тұрғыны үшін медициналық тексерістің тегін әрі сапалы болуы керек екендігі де жазылды. Зиянды заттарды шығаруды шектеу және облыс аумағында он жылдан астам уақыт тұрып жатқан адамға төлемақы төленуі орынды екендігі көрсетілген.

Облыстық Экология департаментіндегілер әзірге бұл туралы ресми ақпарат ұсынбады, ал баспасөз қызметінің өкілі журналист сауалына жауап бермеді Әкімдік өкілдері де үнсіз. Дей тұрғанмен Экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев жуырда өткен жиында ауаның ластануын қадағалау бойынша бір ғана мекеме айналыспайды дегенді алға тартқан болатын.

– Апатты жағдай болса, алдымен Төтенше жағдайлар департаментіндегілер зерттеп, тергеулері қажет. Апат неден болғанын, зияны қандай екенін анықтап алу керек. Кейін ТЖ өкілдері әкімдікке шығып, бізден өкілдерді шақырып, жұмыс барысын ескертулері тиіс, – деді Данияр Балтабайұлы.

Сөйтіп, қала тұрғыны әрі Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі ретінде ой білдірген Қалибек Қалиолданов қол қойып жатқандар саны көбейе түскенін айтты. Небәрі екі күн ішінде 7314 адам ортақ ойды қолдайтындықтарын білдіріпті.

Әділхан ЕСІМХАНОВ