Өскемен тұрғындары қаптаған егеуқұйрықтардан қорқа бастады

547
көрілім

Қаңғыбас иттерден әбден ығыры шыққан көпшілік енді басқа кедергімен ұшырасып отыр. Қала тұрғындары тез арада арнайы ұнтақ пен сұйықтықтарды қолданбаса, кеміргіштер ауру таратып, адамға шабады деп қауіптенуде. Сайт тілшісі жағдайды ақ-қарасына үңілді.
«Жақындауға жасқанамын»
Алдымен әлеуметтік желіде түсі әртүрлі кеміргіштердің қоқыс контейнерлерінен асып, тұрғын-үй мен мектеп маңына жақындай бастаған сәттері жарияланды. Тіпті, мектептен шыққан оқушылардың дәл жанына келіп, еш үркіместен тамақ дәм еткендей. Қала тұрғындары №12 мектепті жиі айтты. Газет тілшісі сол жерге арнайы барып, жағдайды бақылап көрді. Түстен кейін жәшіктер мен целлофан ішін аралаған егеуқұйрықтар көзге ілікті. Ашық алаңға шыққылары келгенімен, «тіске басардың» аздығынан орайлы сәтті күткен. Тұрғындар шамамен әр 5-6 минут сайын қоқыс төгіп жатты. Кешкі сағат 17:00 кезінде қара ала, қоңыр түсті егеуқұйрықтар төбе көрсетті. Потанин көшесі 31/1 мекенжайының дәл алды кеміргіштердің інінен көз ашпайды. Қоқыс контейнерінің маңы ірілі-ұсақты тесіктен аяқ алып жүргісіз.


– Олардың қаптағанына кемі екі-үш жыл болды. Қараңғы түскенде тіптен көбейеді. Шиқылдаған дыбыстардан құлақ тұнады, қоқыстардың арасында тоқтаусыз жүгіреді. Індері бар, ішінен сұр, ақ, сарғыш түсті кеміргіштердің шыққанын талай рет көрдім. Өзім жақын жүруге қорқамын, қоқысты алысырақ жерден лақтыруға мәжбүрмін. Соңғы уақытта адамнан қорықпайтынды шығарды, – деді Виктория Федорова.
Дәл осындай жайт Ғарыш көшесі, 8, 8/1 және Виноградов көшесі, 6 мекенжайында қайталануда. Бұл жақта тұрғындар шамамен 8-10 минут сайын қоқыс төгеді. Өзін Асыл деп таныстырған азаматтың айтуынша, қоқыс төгетін жердің дәл артында (Ғарыш көшесі, 8) жертөле бар. «Егеуқұйрықтардың нағыз мекені сол» дейді. Талай жерден ін қазып, түнде жарық түсіргенде жан-жаққа пышырай қашатын көрінеді.

Кейбірінің көлемі тым ірі
Қалалықтар соңғы жылдары мәселе ушықса да, оларды улап, санын реттеу бойынша жұмыс жүргізілмегенін айтты.
– Күндіз кептерлер қоқыс шашса, кейінірек олардың ізін кеміргіштер басады. Негізінде екеуі де түрлі аурулар таратады. Тезірек шара қолданбаса, басқа көшелерге таралуы мүмкін, – деді Ғарыш көшесінің жұрты.


Көбі егеуқұйрықтарға үйдегі мысықтардың шамасы жетпейтінін айтуда. Себебі, кейбірінің көлемі тым ірі. Балаларды айтпағанда, ересектердің өздері контейнерлердің маңына келгенде барынша сақтық танытады. Бұл ретте облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері ресми ақпарат ұсынды. Олардың айтуларынша, кеміргіштердің тісі батқан бірнеше адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Кейде үйде жортып жүргендері де зиян келтіретін сыңайлы.


– Жыл басынан бері Өскеменде егеуқұйрық тістеген бір адам травматологиялық пунктке барған. Зардап шеккен адамдар екпе алып, дәрігерлер құтырмаға қарсы ем-дом жасайды. Жалпы, өткен жылы  егеуқұйрық тістеудің тоғыз жағдайы тіркелді», – делінген басқарма ұсынған мәліметте.
Зардап шеккендердің арасында балалар да бар. Виноградов көшесі, 6, 11 мекенжайларында кеміргіштер түнде қоқыс контейнерлерінен асып, көпқабатты үйлердің подъездеріне дейін кірген.

Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосуреттер автордікі)