Өскемен тұрғыны кір сабын жасауды табыс көзіне айналдырып келеді

482
көрілім

Атажұртқа оралған кей жерлестеріміз нақты бір кәсіпті қолға алып, керек болса, барлығын басынан бастауға бекінген. Қуатты құрылғы, жан-жақты тәжірибе, табандылық – түбі бір нәтижеге жетелеп келеді. Қытай Халық Республикасынан Өскемен іргесіндегі Шығыс ауылына аялдаған Жігер Боранбай қазір кір сабын дайындап, біртіндеп сатылымға шығарып жатыр. Құрамы үш-ақ заттан тұрады. «Оның қандай да бір ерекшелігі бар ма екен?» деген сауалмен жуықта арнайы барып, тілдесіп қайтқан едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жұмысқа жұмыла кіріскен жанұя

Қаба ауданының тумасы облыс аумағына өткен жылдың тамыз айында қоныс аударған. Қала іргесіне табан тіреген жан отандық кәсіптің өрлеуіне үлес қосып, қолға алған ісін өркендетуге ниетті. Қара торы, кең жауырынды, сөзінен ісі басым азамат алғашында қиындықтың аз болмағанын жасырмады. Сабын үгітіліп, ойдағыдай шықпай, біраз бас қатырған. Шығыс ауылына орныққан бойда, алғашында 2 млн теңгеге Алматыдан станок алдырды. Оның өзі бірнеше сайманнан, ауыр темірден тұрады.

– Әйтеуір машақатына мән бермей, еңбектеніп, соңында игеріп алдық. Қазір үш адам басы-қасында жүреміз. Күніне 1000 сабын шығады. Сұраныс кейде күрт көбейеді, кейде саябырсиды. Өткенде көп көлемде Қарағандыға жөнелтілді. Енді күн жылыса, Өскеменнен сатып алушылар шыққалы тұр, – деді кәсібін жаңа деңгейге шығаруға ниетті қандасымыз.

Алматыдан алдырған станок

Естеріңізде болса, газет тілшісі 2019 жылы жол апаты кезінде екі аяғынан айырылған Серікбек Райхан туралы жазған еді. Бірақ ол адам шемішке қуырып, «Сыйлас» деген маркамен сатуды жоспарлаған болатын. Алайда қолдаудың аздығынан, кәсіпкерлік бойынша гранттың бұйырмауынан іс соңына дейін бармады. Енді ұлының есімі берілген бренд арқылы жаңа қадам жасауға керемет мүмкін туып тұр. Айтпақшы, Қарағандыға да тауардың алғашқы ірі бөлігі осы Серікбек Райхан арқылы жіберілді. Бір рет 60 жәшік, келесісінде 30 жәшік.

– Орташа алғанда, 10-15 жәшіктен өтіп тұрады. Бір жағынан балалар жуықта дүкен ашып, соңғы бір аптада кәсібімізден қол үзіп қалдық. Қазір ес жинап, құрылғыға қайта маза жоқ, – деді ол.

Жігер Боранбай Қаба ауданынан үлкен бір отбасы болып көшіп келді. Ұлы, келіні, немерелері, Құдай қосқан жары бар – бастаған кәсіптеріне жұмыла кіріскен. Сабын жасау идеясын Серікбек Райханмен кеңесіп, бүгінде сергек сана мен қажырлы еңбек қабысып отыр. Бірлескен жұмыстың өнімі кезекті сатып алушыларын күтуде. Жігер Боранбай да қазір мұның бүге-шігесін саралап үлгерді. Сертификат ресімдеп, түбі өзіндік бренд қалыптастырмақ. Атауы әзірге белгісіз. Бірақ жер-сумен байланыстырып қоюлары мүмкін.

– Мұның алдында «Жұпар» деген марка болыпты. Бірақ біреудікін алып қоя салсақ, ертең өзімізге сын, әрі авторлық құқықты бұзған болып шығамыз. Әйтпесе, әдемі естіледі. Көрерміз, бәлкім иіске қатысты атауды таңдаймыз, – деді ол.

Сабын осылайша қалыпқа түседі

Кір сабын сатудан түскен табыс екі адамға анық жетеді. Біреуінің бағасы – 110 теңге. Егер күнделікті 1000 сабын шығып, ойдағыдай сатылып жатса, 110 мың теңге түседі. Оның 50 мыңы шығын. Жігер Боранбай қалған 60 мың теңгені басында екі, сосын үш адамға бөлді де, күнделікті жан бағуға жеткілікті деп айтты. Ендігі үміті – жаз айларында. Қаладағы базарларға апарып, тұрақты клиенттер табуды көздейді.

Қазір қарбалас тірлік ауладағы шағын контейнердің ішінде жалғасып жатыр. Оны күн әбден суытып, жұмысты жалғастыру үшін үй салуға үлгермей жатқанда 2 млн теңгеге сатып алған. Ішін жылы етіп қаптап, тоқ пеш орнатты. Бастысы, су өтпейді. Жағдай оңалып, сұраныс көбейсе, кір жуатын ұнтақ әзірлеуді ойлайды. Бірақ қазір оның рецептісі жоқ. Жігер Боранбайдың сөзінше, сапасы ойдағыдай шығуы үшін ұнтақ жасауда да математикалық дәлдік керек. Әзірге сабынның өзі едәуір күш-қуатты қажет етіп тұр. Ұлы Есхат Жігер мен күйеубаласы Айдын Қасилан қажырлы еңбекке қашан да дайын.

– Жұмысты таңертең бастаймыз. Кір сабын – тоң май, сұйық май және каустик содасынан дайындалады. Тоң майды қайнатып, станокқа құйғанша екі адамның әлеуетінсіз болмайды. Кір сабын қалпына түсіп, станок екпін алғанда үшінші адам қолұшын созады. Себебі, кір сабынды жинап үлгермей қалуымыз мүмкін, жылдамдық тым жоғары. Бастапқыда дайындағанымыз үгітіліп, кейбірі ұнтаққа айналып кеткен еді, – деді Жігер Боранбай.

Сабынды қайдан сатып алады?

Барлығы нақты градуспен өлшенеді. Алғашында осыларды толық білмей, талай рет сан соққан. Тіпті, Шығыс ауылында біреулер бұған дейін осылай кір сабын жасап көріпті. Кейіпкеріміздің ойынша, қаражаттың жоқтығы кедергі келтірді, я болмаса машақатына тез мойынсұнды. Сонда кір сабын әзірлеуде алдымен қажет заттардың қоры жеткілікті болуы тиіс. Қазір үй алдында бес тонна май тұр. Тоң май қыстың көзі қырауда қымбаттай түседі. Бір келісі 450 теңгеге дейін көтеріледі. Сұйық май да сол. Қор жеткілікті болса, қыста жұмыс тоқтамайтын көрінеді.

– Үш затты қосып, 100 келіге илесең – 700, 150 келіге илесең – 1000 дана кір сабын шығады. Базардағы бағасын қарап едім, 250 теңгеден екен. Осы кәсібіміз жайлы көп адам әлі біле қоймады. Қала көлемінде дүңгіршектеріміздің жоқтығынан шығар. Жалпы, көңілі соққандар үйден сатып алып кете алады, – деді кейіпкеріміз.

Дәл осы кір сабындардың түсінде өзгешелік бар. Соған қарап, сапасын анықтайды. Неғұрлым қою қоңыр түстісі киім, кілем жуғанда молынан көпіршиді, кірді тез кетіреді. Дәрі көп қосылып кетсе, ашық түс береді. Сауда қыза түссе, баға 110 теңге болып қала бермек.

Өнімнің түсіндегі өзгешелік сапасын аңғартады

Қазір құрал-жабдықтарды Алматыдан алдырған тиімді болып тұр. Қытайдан жеткізу үшін шығын көп кетеді. Жігер Боранбай Қаба ауданындағы жақындары тегіс Қазақстанға өтіп, ет жақындары осында екенін айтты. Азаматтық алу үшін біраз күту керек. Әзірше ықтиярхатпен жүр.

– Бұрындары қандастардың атажұртқа оралуға ықыластары ерек еді. Қазір көбінің баласы сондағы оқу орындарына түсіп, үйреністі. Ал Қазақстанға қоныс аударса, қазақ тілінің өзін меңгеру қиынға түседі. Екі немерем Қытайда бірінші сыныпты оқып шықты. Оларды мұндағы мектепке берген едік, көп нәрсені ұға алмады. Бала ғой, өздері де ынта білдіріп, қазір едәуір үйреніп қалды, – деді ол.

Осы кәсіптің жалғасы ретінде мектепке қарама-қарсы орналасқан дүкенді де қоса кетті. Келіні Бұлбұл сонда сатушы, азық-түлік пен күнделікті керек заттар сөрелерге молынан қойылған. Қысқасы, Жігер Боранбай кір сабыннан бөлек, жақындарымен тағы бір табыс көзін жоспарға қойған. Тауар тасу үшін өздерінің жүк көліктері бар.

Жігер Боранбай дүкен алдында ұлы Есхатпен

– Осы уақытта сабын шығарудың күнделікті нормасын сәл азайттық. 1000-ды межеге қояйық десек, өткенде толық сатылмағандары бар. Тым құрығанда көбі өтсе, бастапқы екпінге қайта басамыз. Егер жұрт көп естіп, сұраныс көбейсе, тағы бір адамды жұмысқа алуымыз мүмкін. Табыстың шеті де сол кезде шын байқалады, – деді Жігер Боранбай.

***

Бізді қуантқаны, жұмыс барысы бір қалыпқа түскен. Кір сабын дедік, ұнтақ дедік, жоспарға сұйық сабын дайындау да енді. Бірақ оны жаз кезінде әзірлеген орынды. Иә, ауқымды жұмысқа бір контейнер аздық етеді. Мұның шешімі бар. Іскер азамат тағы біреуін сатып алуға оқталып отыр. Оған қоса, 1000 сабын станоктан небәрі бір-ақ сағатта шығады. Бірақ жұмыс нобайы айқын. Іскер отбасыға кәсіп сахнасында тек табыс тілейміз!

Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосуреттер автордікі)