Өскемен қаласының тұрғыны өртенген үйден көршілерін құтқарды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 29 сәуір күні таңғы сағат 06.51-де Речная көшесіндегі көпқабатты үйде өрт шыққан. 1974 жылғы үй иесі түтін иісінен оянып кетіп, әйелі мен 2 баласын тұрғызып балконға беттейді. Содан кейін ол көршісіне қоңырау шалып көмек сұраған.
– Лезде көмекке ұмтылған Александру Тихобаев 2-ші қабаттағы балконға балпалдақ қойып бірінші 2014 және 2013 жылы туған қыз балаларды түсіреді. Содан кейін оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер үшиінді саты орнатып, олардың әке-шешелеріне көмектескен. Көп ұзамай жалпы аумағы 6 шаршы метрді құраған қызыл жалын ауыздықталды, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Жүргізуші болып жұмыс істейтін Александру Тихобаевтың айтуынша, кез келген адам оның орнында болса көмекке келетін еді. Өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын орнату және техникалық пайдалану ережелерін бұзудан немесе отты абайсыз пайдаланудан болуы мүмкін.