Шығыс Қазақстан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Рефлекс» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында есірткі сақтады деген күдікпен Өскемен қаласының 42 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, ол оңай олжаға қол жеткізу мақсатында психотроптық заттарды байланыссыз тәсілмен өткізіп отырған.
- Күдіктінің пәтерін тінту барысында жасыл, қызғылт және ақ түсті ұнтақ пен түйіршіктер түріндегі заты бар 55 полимерлі пакет пен түйіншек, буып-түюге және өлшеуге арналған электрондық таразы құрылғылар тәркіленді. Сарапшы қорытындысына сәйкес алынған зат жалпы салмағы 119,9395 г «α-пирролидиналерофенон» психотроптық заты болып шықты, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Тәртіп сақшылары қаскөйдің заңмен тыйым салынған заттарды өзі өлшеп қана қоймай, ғаламтор қосымшасы арқылы қаланың әртүрлі аудандарында «құпия орындарда» затты қойып кетіп тапсырысты орындап жүргені анықтады. Күдікті бос жұмыс орындары туралы тегін хабарландырулар сайтындағы жазбалар арқылы ақша таппақ болған.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Баптың санкциясымен 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.