Өскемен тұрғынын алдаған алаяқ 115 млн теңге пайда көрген

229
көрілім
Фото:halyq-uni.kz сайтынан

Өскемен қаласының тұрғынын алдап соққан алаяқ 115 млн теңге пайда көрген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Полиция қызметкерлеріне хабарласқан азамат алаяқтың құрбаны болғанын айтқан.

Өз сөзінде ол осыдан 4 жыл бұрын танысының «кәсіпкерлік үшін қажет» деп өзінен ірі мөлшерде қаражат алғанын жеткізді.

«Ер адам жәбірленушіге әртүрлі бизнес түрлерімен айналысқысы келетінін, яғни, қайта сату үшін автомобильдер, металл өндіру үшін экскаватор сатып алатынын алға тартқан. Одан бөлек, азық-түлік жеткізетін фирманы, оны пайдалану үшін қымбат шетелдік машинаны алатынын айтқан. Осылайша, оның толықтай сеніміне кіріп, 115 млн теңгеге жуық ақшасын алған», — деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен. 

Тәртіп сақшылары алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады.

«Ол бұрын сотталған және қазір осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан 39 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны болып шықты. Полицейлер тергеу амалдарын жалғастыруда», — делінген ақпаратта.