Ақпан айының басында облыстық криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері «Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шарасы барысында заңсыз қару сақтады деген күдікпен 28 жастағы Өскемен тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде жатын бөлмесіндегі шкафтың астынан аңшылық қаруға ұқсас шолақ мылтық тәркіленді.
Сарапшы қорытындысына сәйкес табылған зат тегіс ұңғылы аңшылық мылтықтың кесіндісі болып шықты. 28 калибрлі патрондармен атуға арналған мылтықтың кесіндісі оқпанды өздігінен қысқарту және «ИЖ-К» үлгісіндегі аңшылық қарудың бір бөлігін алып тастау арқылы жасалған.
- Тексеру барысында қарудың есепте тұрмағаны анықталды. ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігіне сәйкес (қаруды заңсыз иелену, сақтау, тасымалдау немесе атыс қаруын өзімен алып жүру) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, - делінген ШҚО ПД баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.
Қазір ер адамның қаруды не мақсатпен сақтағандығы тексерілуде, тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданбақ.
Аталған баптың санкциясы 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.