Өскемен қаласының ТЖБ Ертіс өзенінде өткен жылғыдай су деңгейі көтерілген жағдайда әрекет ету реті бойынша нұсқау мәліметімен бөліседі, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
— Төтенше хабарламалар мен нұсқаулықтарды ден қойып тыңдаңыз. Ұялы телефоныңызды қажеттілік болмаса пайдаланбаңыз, ол сізге байланыс үшін керек болады.
— Сабырлықты сақтаңыз. Көршілеріңізге хабар беріп, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалар мен қарт адамдарға көмектесіңіз. Қауіпсіз жерге көшірумен айналысатын мемлекеттік мекемелердің орналасқан жерін анықтаңыз.
— Құжаттарды, дәрі-дәрмекті, киім-кешек пен ең қажетті заттарды және бірнеше күндік азық-түлік қорын дайындаңыз. Барлығын жол сандыққа салыңыз. Құжаттарды су өткізбейтін қапта сақтағаныңыз жөн.
— Үйден шығар алдында электр қуатын, газды, пештегі отты өшіріңіз. Терезелер мен есіктерді жауып кетіңіз.
— Бағалы заттарыңызды жоғарғы қабатта сақтағаныңыз абзал.
— Айналаны қоршау үшін қолда бар материалдарды дайындаңыз (қаптар, топырақ, құм, саз).
— Жоғарғы қабаттарға көтеріліңіз. Егер үй бір қабаттық болса, үйдің шатырына шығып алыңыз.
— Көмек келмейінше, жоғарғы қабаттан, үйдің шатырынан немесе ағаштан түспеңіз. Құтқарушылар сізге көмек көрсету үшін оларға дыбыстық белгі беріңіз.