Өскеменде 12 адамды алдаған жігіт төрт жарым жылға бас бостандығынан шектелді

852
көрілім
Шартты фотосурет

Жиырманың екеуін толтырған жігіт осы уақытқа дейін 12 адамды алдап үлгерген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әккі тұрғын көбінде таныстарының банк карталарын пайдаланып, жоспарын іске асырып жүріпті. Былтыр шілде айында Өскеменнің бірнеше тұрғыны осы мәселемен полицияға арыз түсірген. Жазғы демалыстарын табиғатта өткізуді жоспарлағандар көпшілік қолданып жүрген сайттардың бірінде жарияланған тиімді бағаны көздері шалады.
Сайтта жалға берушінің есімі мен алдын ала төлем арқылы бронь жасау үшін нөмір көрсетілген.

– Жарнама авторы өзін Александр деп таныстырды. Бастапқыда еш күдік туғызбаған жігіт қоңырау шалғандарға әлеуметтік желі арқылы үйде тынығуға қарастырылған мәліметтер мен суреттерін жолдаған. Бір байламға келген демалушылар көп ойланбастан алдын ала төлемдерін жасайды. Жалға беруші болса, ақшаны алған соң сол күйі іс-түзсіз жоқ болып кеткен. Жалған үй иесі осылай 12 адамды алдады, – делінген №2 Өскемен қалалық сотының мәліметінде.
Көп ұзамай интернет алаяқтық жасады деген күдікпен 22 жастағы жұмыссыз жүрген өскемендік ұсталды. Белгілі болғандай, ол тез баюдың жолын былтыр жазда ойлап тауыпты. Өз жоспарын шомылу маусымының қызған кезінде жүзеге асыра бастаған.
– Телефонының SIM карталарын бірнеше рет ауыстырып, демалушылардан түскен ақшаны таныстарының шотында жинап отырды. Таныстары болса ақшаның қайдан келгенінен бейхабар. Қала тұрғыны қылмыстық жолмен барлығы 387 000 теңге тапқан, – делінген ақпаратта.
Сот алаяқты 4,5 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесіп, жәбірленушілердің шығынын толықтай өндіру және азаматтық талаптарын қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.
Анель АБЗАЛБЕКОВА