Өскеменде 200-ден астам адам «Қазақстан» тауына жүгіріп шықты

875
көрілім

Бірнеше топқа бөлініп, кезек-кезегімен жарыс жолына шыққан қатысушылар шаршағандарына қарамай мәреге жетуге асықты. Республика күніне орай өткізілген «Oskemen Run 2023» сайысы 18 жастан бастап 60-тан асқан тұрғындардың басын қосты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шарада бақ сынаймын дегендер Красин кенті арқылы «Қазақстан» тауының етегіне жиналды. Одан төменіректе келушілер үшін дәмі тіл үйірер палау мен ыстық шай ұсынылды. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған жарыста бос уақытты тиімді өткізу үшін жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылыпты.

Күз ортасында соғатын суық желден жаураған жұрт үшін кәсіби спортшылар дене қыздыру жаттығуларын жүргізді. Көпшілік алдына шығып, тәжірибесімен бөліскендердің арасында ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Уланов, пауэрлифтингтен облыс чемпионатының жүлдегері Ангелина Устинович, көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы Рената Жолдинова және 200 метрге каноэеде есуде Азия ойындарының күміс жүлдегері Маргарита Торлопова болды. Қала әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, бұған барлығы 200-ден астам адам қатысты. Дене қыздыру кезінде барлығы бір кісідей қозғалып, ырғақты қимылдады.

Қатысушылар арасында республикалық, халықаралық бәсекелерде олжа салып жүргендері де бар. Шаһар басшысы Жақсылық Омардың сөзінше, облыс әкімі Ермек Көшербаев осы бастаманы көтергенде, қала басшылығы мен спорт мамандары бір ауыздан қолдай түсті.

– Осы жарыс дәстүрлі түрде өтеді деген жоспарымыз бар. Ең бастысы, ешкім жарақат алмай, биікті ойдағыдай бағындырса екен. Биыл алғаш рет қолға алынды. Спортты серік еткендер үшін осындай шаралар әлі көптеп ұйымдастырылмақ, – деді Жақсылық Мұқашұлы.

Алғаш болып нәзік жандылар сөреден суырылып шықты. Тауларға жүгіріп жүргендердің көбі жарыс жолын тоқтаусыз еңсеру қиынға соғатындығын айтып жатты. Тіпті, аяқтан әл кетіп, бабы келісіп тұрғандардың өздері орта жолда аяңға басады десті. Солай болды да. Шараның алғашқы екі бөлігінде қыздар мен әйелдер өз мүмкіндіктерін байқаса, әрі қарай жастар, жігіттер, ересектер биікке беттеді. Анығы сол, кейбірі орта жолға жетпей жүрісін бәсеңдетті. Алайда ешбірі төмен түсіп кеткен жоқ, күшін сарқи қоймағандары біртіндеп алға оза бастады. Жігіттер орташа есеппен 6-8 минут аралығында тауға көтерілді. Дегенмен осы жолы Өскемендегі №19 мектепте оқитын Аян Қасымовтың мерейі үстем болды. Федор Сухоносов, Данил Кузнецов сынды сұңғақ атлетттерді озып, алдына қара салдырмады. Сөйтіп, 6 минут 8 секунд нәтижесін тіркеп, бірінші орын иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

– Жүгірумен айналыспаймын. Негізінен велошабандозбын. Тауға жүгіруге арнайы дайындалған жоқпын, тек өзіміздің жаттығу кезіндегі тыңғылықты әзірлік жемісін берді. Ал велоспортта ел чемпионатының қола жүлдесін иеленгем, – деді Өскеменнің тумасы.

Жарыс нәтижесі төмендегідей:

Ерлер

1 орын – Аян Қасымов (6.08)

2 орын – Федор Сухоносов (6.17)

3 орын – Данил Кузнецов (6.20)

Қыздар

1 орын – Ангелина Кузьмина (7.52)

2 орын – Лариса Переверзева (8.15) және Евгения Завьялова (8.21)

3 орын – Руфия Иманкулова (8.23)

Әділхан ЕСІМХАНОВ