Өскеменде 28 шағын ауданнан жеке үй тұрғызу үшін жер телімдері берілмек

798
көрілім

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы осылай дегенімен, әзірге инфрақұрылым тартылмай ешкімге жер берілмейтінін мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған басқарманың басшысының орынбасары Инна Валдың айтуынша, жер телімдері жеке адамдарға берілмес бұрын онда инфрақұрылым тартылу керек. Яғни, ол жерге су мен электр тоғы тартылуы тиіс. Сондай-ақ, орынбасар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Өскеменде пилоттық жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Ол жоба бойынша Өскемендегі шағын аудандар бірыңғай түрде бой көтеретін болады.

– Облыс орталығында Новоявленко ауылына жақын 28 шағын ауданда жеке адамдарға жер бөлу қарастырылуда. Бірақ, ол аумаққа әлі әзірге инфрақұрылым тартылған жоқ. Қазіргі уақытта шағын ауданға инфрақұрылым тарту бағытында жобалық сметалық құжат жасалып жатыр. Құжат жұмыстары аяқталғаннан кейін республикалық бюджетке ақша бөлу жөнінде өтінім жолданады, – дейді Инна Вал.

Жеке тұрғын үй тұрғызу үшін жер телімдерін бөлуге облыс бойынша 27 мыңға жуық адам өтініш берген. Оның 23 мыңы Семей, 3600-і Өскемен қаласынан келіп түскен.

Мейрамбек Қосажан