Өскеменде 28 жастағы ер адам көлік ұрлаймын деп ұсталды

462
көрілім

Полиция қызметкерлері ұрланған көлікпен қашпақ болған заң бұзушыны қала ішінде құрықтады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


Тәртіп сақшылары «ВАЗ» маркалы автомобиль жүргізушісінің патрульдік көлікті көрген кезде жылдамдықты асырып, із жасыруға тырысқанын байқап қалған.
Полицейлер жол ережесін бұзып қашқан жүргізушінің соңына Астана көшесінен Жеңіс даңғылына дейін түскен. Соңында жүргізуші көлікті тоқтатып, қаша жөнелмек болғанда қолға түсті.
– Анықталғандай, мас күйінде болған заңбұзушы 78 жастағы зейнеткердің көлігін ұрлап кеткен. Көлік иесі бұл жаңалықты тәртіп сақшыларынан естіген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – дейді ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осы тектес оқиға Үржар ауданында да орын алды. «ВАЗ-21093» маркалы темір тұлпар иесі айдап әкеткен көлігін көрші ауылдан тапқан. Бірнеше рет істі болған 40 жастағы еркекке қатысты ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлімі бойынша іс қозғалды.