Өскеменде 30-ға жуық әскери бөлім командирінің жауынгерлік шеберлігі сыналды

384
көрілім

Өскеменде Ұлттық ұланның әскери бөлім командирлерінің оқу-әдістемелік жиыны өтті. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы базасындағы 3 күндік оқу-әдістемелік жиынға еліміздің барлық өңірлерінен 30-ға жуық әскери бөлім мен бригада командирлері келіп қатысты.

Алдыңғы шептегі офицерлер кәсіби біліктілігін шыңдап, теориялық және тәжірибелік сынақтардан өтті. Шараның алғашқы күні барлық офицер заманауи құрылғы арқылы арнайы психофизиологиялық сараптамадан өтіп, әр қайсысына моральдық-психологиялық мінездеме берілді. Жиынға арнайы келген Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Альберт Маткаримов әскери басшылардың жетекші құжаттар мен бұйрықтарды білу жөнінен білімдері мен жауынгерлік дайындықтарын бақылау үшін арнайы тестілеуден өткізіп, білімдеріне баға берді.

Сондай-ақ, генерал-майор Альберт Маткаримов өткізген «Әскер дайындықтың заманауи кезеңдегі даму болашағы» тақырыбындағы алғашқы сабақ 2021 жылы жауынгерлік қызметті ұйымдастырудағы жіберілген кейбір олқылықтарды саралап, қорытынды шығаруға арналды. Себебі, заман ағымына қарай жауынгерлік қызметті ұйымдастыруда кеткен қателіктерді қайта қарастырып, жетілдіріп отыру аса маңызды.

-Кәсіби-лауазымдық дайындық шеңберінде ұйымдастырылған әскери бөлім командирлерінің оқу-әдістемелік жиыны біз үшін таптырмас тәжірибе беріп жатыр. Арнайы жасақтың жетекшілігімен қару атудың жаңа тәсілдерін үйреніп, өзіміздің жеке құраммен ары қарай ұрыстық жаттығуларда қолданысқа енгізетін боламыз.Сонымен қатар, жаңа батальондық-тактикалық топтың ұрыстық жағдайдағы әрекеті, жауынгерлік қызметті атқару барысындағы саптық тәртіптер мен жаңа жағдайдағы бөлімшелерді басқарудың түрлі тәртібін үйрендік. Яғни, болашақта қажетті тың әрі жаңа жаңалықтар көп-дейді Ақтау қаласынан келген «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 әскери бөлімінің командирі подполковник Марат Рахпанов.

Шығыс, Батыс, Оңтүстік және Орталық өңірлік қолбасшылықтарынан келген әскери бөлім командирлері жауынгерлік дайындықтың негізгі түрлерінен сынға түсті. Түнгі және күндізгі жағдайда автомат пен тапаншадан нысанаға атудан мергендіктерін көрсетіп, 3 шақырым қашықтыққа жүгіріп, бел темірге тартылу және қоян-қолтық ұрыстан әр офицердің дене дайындығына баға берілді.Сонымен қатар, Ұлттық ұлан Әскери кеңесінің хатшысы полковник Савердин Имиров мемлекеттік-құқықтық даярлық сабағында «Орта Азиялық аймақтағы заманауи әскери-саяси ахуал. ХХI ғасырдағы қауіп-қатерлер» тақырыбында арнайы дәріс өткізді.

-Бұл жиын біз үшін өте маңызды. Себебі, әскери бөлім басшыларының іс жүзіндегі жауынгерлік дайындықтары сыналып, лезде шешім қабылдап, шұғыл әрекет ете білу бойынша біліміміз бен біліктілігіміз шыңдалып жатыр. Осынау Өскеменде өтіп жатқан үш күндік жиында барымызды салып, білдей бір әскери ұжымды жоғары дәрежеде басқара алатындығымызды дәлелдеп жатырмыз деп ойлаймын, - дейді Қарағанды қаласынан келген «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 бригадасының командирі полковник Хамит Қазенов.

Бағдат Амангелді,

"Шығыс" өңірлік қолбасшылығының

Баспасөз қызметі бастығы