Облыс орталығында «Нұр Отан» партиясы және кәсіпкерлердің қолдауымен «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп жасындағы оқушыларға оқу құралдары, сөмкелер тарту етілді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Акция жыл сайын тұрақты түрде өткізілуде. Бірқатар жанұяны қуантып жүрген шараның мақсаты аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындыққа материалдық және басқа да көмек көрсету.
-Шараның арқасында былтырғы жыл бойынша облыста 4000 балаға осындай сыйлықтар табысталған. Биылғы жылы облыстық филиал 200 баланы қамтымақ. Негізгі қолдау партия мүшелері, кәсіпкерлер мен жергілікті меценаттардан, – деді «Нұр Отан» партиясының ШҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.
Айта кетейік, отбасындағы әр балаға мектепке қажетті құралдарға 20 мың теңгеден аса қаражат жұмсалады. Бұл өз кезегінде ата-аналарға үлкен көмек болмақ.