Облыс орталығында жаңадан 5 футбол алаңының құрылысы басталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазір тұрғындардың өтініш-тілектерін ескере отырып, 21-ші шағын ауданда кезекті спорттық алаң салынуда. Нысанның темір қоршаулары орнатылып, жасанды көгал төсеу жұмыстары басталып кетті. Енді футбол қақпасы мен орындықтар орнатылса, алаң пайдалануға беріледі.
- Темір қоршаулар мен футбол қақпаларын мықты етіп бекіту керек. Алаңда балалар ойнайды. Басқа қалаларда болған жазатайым оқиғалар қайталанбасын десек, алаң салу барысында қауіпсіздікке мән берейік, - деді қала әкімі Жақсылық Омар.
Мердігер компания өкілінің айтуынша, спорттық алаң 18-ші шілдеге дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.