Облыс орталығындағы үш театрдың өнерпаздары қалалықтар мен қонақтарға тың туындыны сахналады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бірден оқиғаның қай жылы, қай күні болғандығын ашып айтып, ауа райының да, кеңестік билік идеясының да өне бойды тоңдырар суығын сездірді. 1938 жылдың 6 қаңтары. Ол жаққа тұтқындарды лек-легімен әкеледі. Темір тордың ішіндегі «қабылдаушы да» берсе қолынан, бермесе жолынан деп жат жұрттан келгендерді жұлып жеуге әзір. Ал тұтқын болып жеткізілгендер өздерінің ондай «атақтан» ада, бар болғаны әр саланың шетін бір шалған әйелдерміз деп сендіріп бақты. Сене қояр өкімет жоқ. Сонымен Қазақстан. Ақмола өңірі. Бас-басына бір-бір айып арқалаған әйелдер. Соларды әкеліп, орналастырып жатқан қызылжағалыларға ешқандай аяушылық көрсетпеңдер деп бұйрық берілген. Ал тұтқын ретінде әкелінгендердің көбі әр ұлттың зиялы азаматтарының жары, ұл-қыз өсіріп отырған ана һәм біреудің әпке-сіңілісі. Барлығына ортақ тағылған 58-ші бап, тек тармақтары әртүрлі. Қазақтың сүт бетіне шыққан қаймақтары Санжар Асфендияров, Бейімбет Майлин, Темірбек Жүргенов, Жұмат Шанин сынды саяси көзқарасы бекіп, ел мүддесін ойлаған интеллигенцияның әйелдері. Бірақ сол жерге келгенде қай-қайсысы болсын Отанын сатқан опасыздардың жұбайы болып шыға келді. Көрермендер сөзінше, қоюшы режиссер Абай Дәулетұлы жастар, қазақ және орыс труппасының өнерпаздарын бір қойылымның төңірегінде жинап, репрессия жылдарынан бастап, екіншідүниежүзілік соғыс кезеңдеріндегі нәубет кезеңді қаз-қалпы жеткізген. Тек спектакльды соңына дейін көріп шығуға кейбірінің жүректері дауаламаған сыңайлы. Жазығы жоқ жандарға жәбір көрсетіп, ар-намыстарын аяққа таптағандарын көру әсіресе нәзік жандыларға ауыр тиген. Бұйырған бір жұтым судың өзін «қаласаңдар ішіңдер, төгіңдер, болмаса жуыныңдар» деп соңында беттеріне шашып қалғанда қатігездік, жауыздық деген сөздің өзі жеткіліксіз көрінді.
- Мұндай тәжірибелер режиссерлерде бірінші рет жасалып тұрған жоқ. Естеріңізде болса, мұның алдында «Қазақтар» қойылымында жастар және қазақ театрының актерлері бірлесе сахналап шыққан болатын. Бұл жолы орыс труппасы да қосылып, негізгі рөлдердің бірнешеуін сомдады. Спектаклді дайындауға екі айдан астам уақыт кетті, - деді жастар театрының актері әрі театр сыншысы Олжас Манапов.
Кезекті тергеудің қалтарыс-бұлтарысы арасында «А.Л.Ж.И.Р» сөзінің мағынасы да ашылды. Акмолинский лагерь жен изменников Родины. Қысқартып жазса кәдімгі бір мемлекеттің атауы. Өнерпаздардың сөзінше, қазіргі бейбіт заманда азаттықтың азаппен келгендігін түйсіну үшін осындай қойылымдардың көрермендерге жол тартуы орынды қадам.
Әділхан ЕСІМХАНОВ