Өскеменде Абайдың 84 жыл бұрын жарық көрген кітабы табыc етілді

562
көрілім

Өскемен қаласында ұлы ақынның 1936 жылы латын қарпінде жарық көрген кітабы табыс етілді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

А.С. Пушкин атындығы Шығыс Қазақстан облыстық кітапхана қоры Абайдың «Көркем әдебиет» баспасынан 1936 жылы басылып шыққан кітабымен толықты. Оны кітапхананың 82 жастағы қарт оқырманы Николай Оспанов сыйға тартқан.

- Осыдан 84 жыл бұрын жарық көрген құнды кітапта әр өлеңнің қай жылы жазылғаны көрсетілген. Кітапханамыздың сирек қорындағы Абай шығармаларының ең көнесі 1940 жылғы еді. Бізге осындай сый жасаған Николай Мырзақанұлына алғысымыз шексіз, - дейді кітапхана өлкетанушысы Зиза Сіләмова.

Николай Оспановтың айтуынша, бұл кітап оған әкесінен мирас болып қалған.

- Әкем Мырзақан осы кітапты көзінің қарашығындай сақтап, қолына жиі алатын еді. Өлеңдерді оқып отырып «Абай жазғанда жылатып жазады» дейтін. Өзім арапша, латынша оқи білмеймін. Әкем өмірден өткелі 36 жыл болды. Бірақ әкем бұл кітапты ешкімге бермей сақтап келдім. Биыл Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай әкем қадір тұтқан кітаптың орны кітапхана болар деген оймен облыстық кітапханаға сыйға тартуды жөн көрдім, - дейді ол.