Өскемендегі Тимофеев көшесі тұрғындарының көбі дерлік шырт ұйқының құшағында жатқан. Әрине, түн ортасы. Шамамен сағат 02:00 кезі. Кенет сатыр-сатыр жанып жатқан өрттің дауысы шығып, көгілдір экраннан көркем фильм тамашалап отырған Рафхат Қожахметұлының назарын аудартқан. Бірнәрсенің дұрыс еместігін бірден аңғарған жігіт інісімен бірге дереу сыртқа қарай жүгірді. «Не жағдай екен?» деп маңайына қарай беріп еді, көршісінің үйін қызыл жалын шарпыған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Терезені сындырып кірген
Сәуір айының 5-сы күні түн ортасында Тимофеев көшесінің тұрғындары шошып оянып, екпінін үдеткен өрт оқиғасының куәсі болды. Ең алдымен көршілерінің оттың аранында қалғанын біліп, көмекке ұмтылған Рафхат Қожахметұлы мен Дастан Елеусізов еді. Ағайынды жігіттер. Кім білсін, бәлкім Рафхат пен Дастан жанұшыра көмекке ұмтылмағанда тілсіз жау жер үймен қоса, алаңсыз ұйқыда жатқан үш адамнның өмірін жалмап кетер ме еді?.. Рафхаттың айтуынша, түннің бір уағы болса да сол күні ұйықтауға асықпаған екен.
– Теледидар көріп отырған едім, Дастан ұйықтап жатқан... Бастапқыда айналада шыбынның ызыңы ғана естілердей тыныштық орнаған. Аяқ асты өршелене жана бастаған оттың дауысы жаңғырып, көршімнің үйінде өрт болып жатқанын терезеден байқадым. Үй иелерін оятпақ болып, інім екеуіміз жүгіріп шықтық, – дейді Рафхат.
Ойда-жоқта орын алған оиға кезінде ойға келгені – дереу терезені сындырып, үй ішінде қалғандарды ояту болды. Рафхат та, Дастан да өрт сөндірушілерді шақырып, әліптің артын баққанша біршама уақыт өтерін сезіп, ұйқыдағы үш адамды сыртқа алып шығады. Сол маңға жиналған жұрт өрттің бетін қайтаруға тырысқандарымен екпініне шыдас беру мүмкін болмады.
Мәртебе емес, мәрттік жоғары
Кейін анықталғандай, үшеу адамның біреу – үй иесі екен. Айналасы 10-15 минут өткенде, оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер аумағы 30 шаршы метр болатын қызыл жалынды ауыздықтады. Мәртебеден гөрі мәрттікті жоғары қойған қос жігіт облыстық Төтенше жағдай басқармасы өкілдеріне де, бұқаралық ақпарат құралдарына да фотосуреттерін беруден бас тартты. Бейбіт күннің батырлары құзырлы орган қызметкерлеріне өздері жайлы ашыла сөйлеп, жеке деректерін ұсынуды құп көрмей, тек қойылған сұрақтар бойынша арық айтып, семіз шыққан. Айтуларынша, жасаған іс-әрекетерінде ешқайда да ерліктің екпіні есіп тұрған жоқ.
– Орнымызда басқа біреу болса дәл осылай істер еді. Қазіргі уақытта адамгершілік құндылықтарды жоғалтпай, қашан да қолұшын беруге әзір тұруға тиіспіз деп санаймын, – деген Рафхат болған жайт бойынша ғана ой бөлісті.
Иә, Жарма ауданы, Қалбатау ауылы тумасының өрттен қаймықпай, ажал аранына қарсы жүгірген сәттерін ерлік санамаса да, осындай қатерді көрген әрбір жанға бейжай қалмауға ой тастағандай. Жиырманың алтауын еркін аралаған Рафхат алғаш рет өзгенің өмірін арашалап, қайғылы жағдайдың алдын алып отырғандығын тілге тиек етті. Сөзіне қарап, жармалық біртоға жігіттің сөзден гөрі іске жақын жан екенін аңғардық.