Өскеменде ақшаға құныққан еркек өз қайын ағасын тақырға отырғызған

813
көрілім

Алаяқтықпен пайда көрмек болған азамат зайыбының туған ағасына ойдан құрастырылған оқиғаны баяндап, 1 млн. теңге сұраған. Ол ақшаны қолға түсірген 21 жастағы жігіт бастаған ісін ары қарай жалғастыра түседі. Бұл жайлы Өскемен қалалық №2 сотының іс-материалдарында айтылған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Облыс орталығының тұрғыны болған Ақтөре (адам аттары толықтай өзгертілген) өзінің жекеменшік автокөлігін сатайын деп жүрген әйелінің ағасы Ринатпен кездескен. Әңгіме барысында Ринат Ақтөреге 2003 жылы құрастырылған «Субару Форестор» маркалы көлігін сатып алуға ниет білдіргендердің бар екендігін айтады. Осыдан соң олар сол сатып алушымен кездесу үшін Киров көшесіне барған. Межелеген жерге жеткенде олардың алдынан екі азамат шығады. Көлікпен жіті танысқан жігіттер оң бағасын берген соң саудаласуға көшеді. Сатып алушы әуел баста көлікті 1 млн. 800 мың теңгеге сатпақ болған Ринатқа «300 мың теңге түсірші. Ақшаңды қолма-қол беремін» дейді. Көлік иесі бұл ұсынысқа келіскен соң, ер адам оған тиісті ақшасын бірден берген. Сол уақытта сатып алушымен бірге келген бейтаныс азамат Ринаттан 100 мың теңге бере тұруын өтінеді. Ойына ештеңе келмеген Ринат оның сұраған ақшасын бере салған.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін Ақтөре әйелінің ағасына «Ақша бергенің дұрыс болмады. Танымайтын адам қайтарады ғой деп пе едің» дегенді айтады. Ринаттың санасын уайым торлағанда Ақтөре оған ақшаны өз таныстары арқылы қайтарып бергізетіндігін жеткізген, бірақ бұл Ақтөренің шын ниеті емес, қулығы-тұғын.

Бірнеше күн өткен соң Ринатқа қоңырау шалған Ақтөре:

Достарым ана жолғы жігіттермен сөйлесіп, ақшаны қайтаруларын талап етті, бірақ олар көнбегеннен кейін мәселені басқалай шешуден басқа амал қалмады. Кикілжің барысында жолдастарым атыс қаруын қолдануға мәжбүр болды. Енді оларды полициядан босату үшін 1 млн. теңге керек, – дейді.

Шындығына келгенде, ешкімге хабарласпаған Ақтөре осылайша алаяқтықпен пайда көрмек болған. Арбауға іліккен Ринат анасына Каспий банктен 900 мың теңге несие алғызып, қарындасының күйеуіне береді. Мұны аздық еткен Ақтөре одан тағы да 500 мың теңге сұрайды. Оған да көнген Ринат бұл ақшаны досының құрбысы арқылы тауып береді. Осылайша жәбірленушіге 1 млн. 400 мың теңге залал келтірілген.

Сот үкімі бойынша айыпталушы ҚР ҚК-нің 190-бабы, 3-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.