Өскеменде ақыл-ойының кемістігі бар жігіт өз атасына пышақ сұққан

714
көрілім

Психикалық ауытқуы бар 24 жастағы жігіт өз атасына пышақ ала жүгірген. Қартаң кісі алған жарақатының салдарынан аурухана төсегінде көз жұмды. Науқас азаматтың туысқандары соңғы уақытта оның ауру симптомдары үдей түскендігін айтады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Ақыл-ойының кемістігі бар азаматтың өрескел қылықтары бала кезінде қатты байқалмаған көрінеді. Ал ер жеткенде ауру белгілері айқындала бастап, жиырмадан асқанда күрт үдей түскен. Мәселен, ол «көзіме камера орнатылған» деген сынды ақылға қонымсыз нәрселер айта бастапты. Дәрігерлер оған «бойында психикалалық ауытқуы бар» деген диагноз қойып, дереу емдеу шараларын жүргізген. Осыдан кейін онымен үйде жалғыз қалу туысқандары үшін қауіпке айнала бастаған. Ауыр науқасқа шалдыққан жігіт туған-туысқандарын еш себепсіз үйден қуып шыққан кездері де болыпты.

…Тамыз айының басында тағы да ауруы қозған азаматтың санасында зиянды ойлар пайда болған сыңайлы, себебі дәл сол күні 24 жастағы жігіт өз атасына тап берген. Ер адам «есіктерді жауып, полиция шақырыңдар» деп айқайлайды. Көрші бөлмеде жатқан жігіттің анасы айқай-шуды естіп, бірден құқық қорғау органына хабарласып, өзі жер үйдің терезесінен сыртқа секіріп кеткен.

Сәлден соң есінен айырылған жігіт сыртқа шығады. Киімдері жыртылып, үсті-басы қанға малынған оның көздері қанталап кеткен. Дәл осы мезетте полиция қызметкерлері де оқиға орнынан табылған. Олар науқасты тұтқындап, полиция бөлімшесіне алып кетеді. Бұдан кейін оның өз атасының кеуде тұсына және ішіне пышақ сұққаны белгілі болды. Өкінішке қарай, ауруханаға жеткізілген қарттың жарақаты тым ауыр болып, 13 күннен соң қайтыс болды. Психикалық сараптама қорытындысы айыпталушыдан ақыл-ой ауытқуының көптеген белгілерін анықтады. Оның бірі – галлюцинаторлық-параноидтық синдром, яғни шизофренияның бір түрі. Бұл ауру бірнеше сатыдан тұрады және науқастың белгілері 25-35 жас аралығында анықталуы мүмкін.

Өскемен қаласының №2 соты сотталушыны ақыл-ойының кемістігіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Оны психикалық стационарда қатаң бақылауда ұстап, емдеу шаралары жүргізілетін болады.