Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада белгілі ақын Саят Қамшыгермен кездесу өтті.
Өлеңсүйер, өнерсүйер өскемендіктер жармалық ақынмен жүздесті. Саят Қамшыгер өз сөзінде ақындықтың ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға дарығанын, туған жердің топырағының тамсандыратынын, шаңының өзінен шексіз шабыт алатынын тілге тиек етті. Оқырман ақын өлеңдерін өз аузынан естіп, аудармаларымен танысты.
Қаламдас құрдасы, қалалық Мәдениет және тілдері дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин өз замандасының қатарластарынан оза шапқандығын, Азия мен түркі әлеміне танымалдығын, бүгінгі таңдағы балалар әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесін баян етті.
- Ең үлкен жақсылық, ең ұлы дүние ол - балалар үшін жасалған дүние. Әрине, егер оның тәрбиесі, болашағы үшін жасалса. Ақын өлеңіндегі әрбір әрпін үлкен үмітпен жазып, қаламын сеніммен сілтесе, ол қашанда қолдауға лайық, - деді Қалқаман Сарин.
Сөз соңында Саят Қамшыгер жерлестерін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жүрек жарды тілегін арнады. Халықтың ақын кітабын алып, естеліктер жаздыруымен әдемі кездесу аяқталды.
Нұрлан Алппылам