Өскеменде Алаш арыстарының атында көше бар ма?

836
көрілім

Бұл сұраққа «жоқ!» деп кесіп-пішіп айтуға келмейді. Өскеменде Әлихан Бөкейханұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Сұлтанмахмұт Торайғыров қатарлы Алаш арыстарының атында көше бар. Бірақ, бұл көшелердің көбі қала шетінде жатыр.

Мәселен, облыс орталығының 22-шағын ауданындағы жоғарыда аталған ұлт мақтаныштарының атында көше берілген. Десе де, қысқа ғана көшелердің келешекте үлкеюі екіталай. Бұған қоса, 22-шағын аудандағы үйлердің басым бөлігінде аты аталған Алаш арыстарының көшесі дейтіндей ешқандай тақтайша ілінбеген. Тіпті тұрғындардың бір-екеуінен сұрағанымызда, 22-шағын аудандағы көшелердің Алаш арыстарының атымен аталатынынан хабарсыз болып шықты.

22-шағын ауданда тұрғындар үйлерін нөмірлеп қойған екен. Мұндағы тұрғындар жедел жәрдем немесе басқа да қызмет мамандарын көп жағдайда осы нөмір арқылы шақырып алады.

Қысқа ғана көшелерге Алаш арыстарының атын беру жараса ма? Көшелердің аты берілерде облыстық ономастикалық комиссия бұл ұсынысты қалайша мақұлдады? Бұл сұрақты облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдын Шаймардановтың алдына кесе-көлденең тарттық. Оның айтуынша, көше немесе нысанға адам атын беруге биылғы жылдың наурыз айынан бері рұқсат болмай тұрған көрінеді.

Айдын Шаймарданов

– Сіз айтқан Алаш арыстарының атына көшелер 4-5 жыл бұрын беріліп кеткен. Иә, Өскемендегі бірқатар көшелерге Алаш арыстарының аты берілді, бірақ бұл әлі де аз деп ойлаймыз. Ең біріншіден, ол атаулар жаңадан ашылған көшелерге берілді. Кез келген көшенің атын сол көшеде тұратын тұрғындардың пікірін ескермей өзгерту мүмкін емес. Тәуелсіздік, Қабанбай батыр, Қасым Қайсенов атындағы көшелер бар. Сіз айтқан көшелерде де біраз уақыт өткеннен кейін үлкен қалашыққа айналып, өзінің орнын табады деп ойлаймын, – дейді Айдын Шаймарданов.

Аян Өрібаев