Өскеменде алаяққа алданған тыл еңбеккері қызымен жалдамалы пәтерде әрең жан бағып отыр

877
көрілім

Арбауға түсіп үйінен айырылып қалған Зурай Дакиева аздаған зейнетақысына пәтер жалдап, әрең күнелтіп жүр. «Алыстан жау шаппайды» дегендей, арбап-сулап үйін тартып алған – келініндей болып кеткен ұлының бұрынғы қалыңдығы. Оны сотқа беріп, барлық кінәсін мойындатқанымен, тыл еңбеккері үйін де, сот шешіміне сай берілуі тиіс қомақты сомасын да ала алмай әлек.

Жалғыз үйінен айырылған

Жасы 80-ге келген Зурай әженің 2006 жылы бір бөлмелі пәтері бар-тұғын. Қызы Әлия екеуі қаннен-қаперсіз тұрып жатқан. Тағдырдың тауқыметі жалғыз қызы Павлодарға шаруаларымен кеткеннен кейін басталған.

Қызым Павлодарға жол тартқан соң, Мадина Қалымбетова (аты-жөні өзгертілді) үйіме келді, – дейді Зурай әже. – Пәтердің құжаттарын бір-екі күнге сұрады. Кезінде ұлым екеуі бірге тұрғаннан кейін мен бейбақ оны келінімдей көріп, ойланбастан сұрағанын бере салдым. Араға күн салып ол қайтадан есігімді қақты. «Құжаттарды алғыңыз келсе, нотариусқа барып қол қою қажет» деді. Оған да көндім. Айтқан жеріне бардық. Жаз дегенін жаздық. Сөйтсем…

Зурай Дакиева

Үйді өз атына аударып алған Мадина тыл еңбеккерін баспанасыз қалдырған. Қызы бар мән-жайды естіген соң, Өскеменге қайтып келіпті.

Бұрыннан-ақ сенбейтінмінімді білген ол әйел менің кетуімді күтіп жүріпті. Біз де оңай беріспедік. Соттастық, – дейді Әлия Исинова.

Алайда Мадина бір құрбысынан қарызға ақша алып, үйді соған кепілдікке берген. Кейіннен пәтердің құжаттары сол кісінің атына көшіпті. Осы оқиғаға байланысты жүргізілген сот ісі 2 жыл өткен соң ғана аяқталған.

Кінәсі дәлелденіп, айыбын мойындады

Сотта Мадина Қалымбетованың кінәсі толықтай дәлелденеді. Бірақ пәтер оның атында болмағандықтан, Зурай әженің жалғыз үйі өзіне қайтпапты. Десе де, сот шешімі бойынша Мадина Зурай Дакиеваға 1 730 736 теңге өндіріп беруге міндеттеледі.

Сот шешімі шықса да, ақшаны әлі күнге дейін ала алмай отырмыз. 8 жылдан бері сот орындаушылары сан мәрте ауысты. Олар бізге ақшаны өндіріп берудің орнына бос сенделіп жүргендей көрінеді, – дейді Әлия Исинова.

Әлия Исинова

Зурай әженің қазіргі күйі мүшкіл. Қызының сүйемелдеуінсіз орнынан тұра да алмайды. Екеуі айына 50 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатыр.

42 мың теңге зейнетақым ештеңеге жетпейді. Несін жасырайын, ұлдарым болса өз күндерін өздері әрең көріп жүр. Көзіме дәрі тамызбасам, соқыр болып қалуым мүмкін. Ол дәрінің өзі 6 мың теңге тұрады. Бұдан басқа да дәрі-дәрмектер жетерлік. Зейнетақым пәтерді ақтамай тұрғанда дәрі мен тамаққа ақшаны қайдан аламыз? – дейді Зурай әже.

Жұмысқа Әлияның денсаулығы жар бермейді. 4 жыл бұрын жұбайы қайтыс болғаннан кейін Әлия инсульт алып қалған. Ақыры, инфаркт алып, жүрегіне ота жасатуға мәжбүр болған. Әлия көмек қолын созар деген үмітпен сан мекеменің табалдырығын тоздырғанымен, ешқандай жәрдем болмай тұр.

Айына 2 мың теңгеден аударып отыр…

Істің анық-қанығын анықтау мақсатында облыстық Әділет департаментіне сұраухат жібердік. Редакцияның сұрау хатына жауап көп күттірген жоқ.

Борышкерден өндіріп алынуы мүмкін мүлкі, оның ішінде ақшасы, бағалы қағаздары немесе табысы болмағандықтан, сот орындаушысының оның мүлкін немесе табыстарын анықтауы мен заңда көзделген барлық шараларды қолдануы ешқандай нәтиже бермегендіктен орындалусыз қалды. Қазір бұл құжаттар сот орындаушысы М.Ибраимовтың орындалуында жатыр. Зурай Дакиеваға атқарушылық құжаттың орындалуы туралы сұрақтарымен осы сот орындаушысына хабарласуына болады, – дейді ШҚО Әділет департаменті басшысының орынбасары Ермек Қорабаев.

Ал облыстық прокурордың орынбасары Виталий Шабердің сөзіне сүйенсек, жеке сот орындаушысы атқару парағы бойынша өндіріп алу жұмыстарын жүргізбеген жағдайда заңның 170-бабына сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Алайда міндеттелушінің атқару парағын орындамағаны дәлелденуі тиіс.

Мадина Қалымбетова Зурай Дакиеваға ай сайын 2 мың теңгеден аударып отыр. Егер ол сот актісін орындамаса, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл атқару өндірісі бойынша, мемлекеттік сот орындаушысының тарапынан Мадина Қалымбетова Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 16.04.2015 жылғы қаулысымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып 5 тәулікке қамауға алынған. Борышкерді қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін өндіріп алушы Өскемен қаласының ІІБ-не арыздануға құқылы. Облыс прокуратурасына да арыздануға ешқандай кедергі жоқ, – дейді ол.

Келіспеймін!

Әлия құзырлы органдардың бұл жауаптарымен келіспейтінін білдірді. Оның айтуынша, Мадина Қалымбетованың атында Магистральная көшесінде орналасқан жер үйі болыпты.

Зурай әжеге Жеңіс күніне орай берілген марапаттар

Ол өз үйін әдейі бауырының атына аударып алды. Сол қулығын заң аясында жасап отыр. Ал біз сияқты сүйенері ешкім жоқтар не істейді? Ай сайын 2 мың теңге төлеп отыр деген не сөз?! Оны да қаласа береді, қаламаса бермейді. Тіпті 4 айы бойы көк тиын ұстатпаған кездері болған, – деп Әлия Исинова өз наразылығын жеткізді.

Айбын Амангелдіұлы,

Фотосуреттерді түсірген автор