Өскеменде алғашқы «проактивті» зейнеткерлер есімі белгілі болды

336
көрілім

Өскеменде бірден 2 зейнеткер қарапайым смс-тің көмегімен зейнетке шықты. Осылайша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы филиалының Шығыс Қазақстан облысы бойынша әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің зейнет жасына келген бас мамандары Римма Жайнақова мен Бинур Тоқтарбекова жаңашылдықтың игілігін көріп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы зейнетақы рәсімдеу жөніндегі пилоттық жобаны іске қосқан болатын. Жоба бойынша зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын қызметті проактивті түрде рәсімдеуге ұсыныс білдіретін SMS-хабарлама жолданады. Болашақ зейнеткер келіскен жағдайда "Иә" сөзін енгізіп, SMS-жауап жіберу қажет.

Бұған дейін болашақ зейнеткерлер жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша қызметтерді ресімдеу үшін міндетті түрде ХҚКО-ға барып, өтініш беруі керек болатын. Енді бұл қызметтер оңтайландырылып, проактивті түрде көрсетіле бастады.

- Өзім әлеуметтік қамсыздандыру саласында 41 жыл жұмыс істесем де, ешқашан алғашқы проактивті зейнеткер боламын деп ойлаған емеспін. Еңбегіміздің зейнетін көрсек деген қуанышымызға ортақтасып, құрметті демалысқа шығу құжаттарын рәсімдеуді жеңілдеткен жаңа жоба барлық зейнеткерлерге деген құрмет деп білемін, - деді Бинур Тоқтарбекова есімді зейнеткер.

Айта кетейік, болашақ зейнеткер жұмыс берушісінің кадр бөліміне еңбек өтілі, зейнеткерлік жүйеге қатысуы сияқты мәліметтерді ұсынады, ал бұл ақпарат еңбек келісімдерін есепке алу бірыңғай жүйесіне енгізіледі. Келісім берілген жағдайда кадр бөліміне алдын ала тапсырылған құжаттар жауапты мемлекеттік органның мақұлдауына электронды түрде жіберіледі. Пилоттық жоба әзірге мемлекеттік корпорация қызметкерлері арасында ғана рәсімделеді. Қыркүйек айынан бастап іске қосылған жаңашылдықты Қазақстан бойынша мемлекеттік корпорацияның 28 қызметкері пайдаланып үлгерді.