Шара аясында Самар, Зайсан және Тарбағатай аудандарынан келген әртістер өз өнерлерін ортаға салуда. Зайсандықтар ШҚО Драма театрында бұған дейін де көрерменге жол тартқан «Кенесары-Күнімжан» тарихи драмасын сахналап, қала тұрғындары мен қонақтарын тағы бір мәрте қуантты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қойылым бастала салысымен қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының ұлы мақсат жолында қалың ойға шомғанын бірден байқауға болады. Көрермен өзара сыбырласқанда Думан Рамазан пьесасындағы әдемі диалогты сөз етті. Әсіресе, Қоңырқұлжа Құдаймеңдіұлы мен Хан Кененің ақ патшаның қысымын талқылап, кең дүниенің тарылғанын сипаттауы айырықша. «Зайсан халық театрының» режиссері Мирхат Тұрғанбаев дайындыққа азырақ уақыт кеткенін, аға буын актерлердің біршамасы ауысқанын айтып, болған өзгерістерге тоқталды. Осы ретте Қоңырқұлжаның рөлін сомдаған Наурызхан Иісбекті айта кетуге болады.
Сұңғақ келген, қимылы ширақ жігіт Күнімжанға деген ықыласын әр сөйлемінен аңғартты. Қазақ классик жазушыларының шығармаларынан жолығатын әйел теңсіздігі тақырыбы бұл жерде де көрініс береді. Жаужүрек, ісі мен сөзі қабысып, елін елдікке жетелеген Кенесарыға сезімі бола тұра, малы мыңғырған Қоңырқұлжа Құдаймеңдіұлына жар боласың дегенде бастан кешірген жан тебіренісі қаз-қалпы суреттелді. Тарихи драма желісіне сүйенсек, Күнімжанның қалың малына үш үйір жорға төленген. Дегенмен бикештің таңдауы – Хан Кене еді.
Қойылым тақырыбы айтып тұрғандай, шығарма жаугершілік заманда қантөгіс арқылы табысқан тарихи тұлға мен ақылына көркі сай Күнімжан байланысын қамтиды. Оның рөлін Жәния Кисина сомдады. Ал Кенесары образындағы Рауан Саханов сабырлы әрі өжетті қалпын сақтап, Қоңырқұлжамен алда болатын тартысты іштей топшылағандай еді. Әр эпизод орташа алғанда 2,5-4 минутқа созылды. «Кенесары келе жатыр!» деген хабардан ақ патша әскерінің тайсақтағаны, онымен шенділердің де санасатыны анық аңғарылады. Күнімжанға көңілі кеткен қос кейіпкер де Шыңғыс ханның ұрпақтары. Кенесары Абылай ханның әруағын басшылыққа алса, Қоңырқұлжа Әз Тәукені медет етті. Бұл аралықта оқырманға тарихтан таныс Кенесары Қасымұлының інісі, еңселі һәм қызу қанды Наурызбай да төбе көрсетті. Оның рөлін режиссердің өзі Мирхат Спартакұлы алып шықты.
– Спектакль біткен бойда қазылар алқасы ескертуін айтты. Бәрі орынды. Қай жерде қателік кеткені өзіме де байқалды. Зайсанға барған соң ұжыммен бас қосып, барлығын талқылаймыз. Біраз әртіс зейнетке шыққан. Дегенмен осы құраммен де алдағы уақытта жақсы дүниелер шығаруға мүмкіндік мол. Халық театры болған соң әркез тыңғылықты дайындық жүргізуге тиіспіз, – деді театр режиссері.
Әділхан ЕСІМХАНОВ