Өскеменде «Алтын алқа» иегері баспанасыз жүр

1135
көрілім

«Кедейде қайдан сый болсын, үйсізде қайдан күй болсын» демеуші ме еді? Жуықта ғана үйсіз-күйсіз пәтерді жалға алып, қара қосқа зар болған сегіз баланың анасы Гүлжан Бөлекбаеваның тұрмыс тіршілігін өз көзімізбен көріп қайтқан едік. Өкінішке қарай, жалғызбасты ананың жағдайы біз ойлағаннан да мүшкіл болып шықты. Құрылысы толық аяқталмаған екі бөлмелі үйді көпбалалы екі отбасы паналап отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ұлының дерті үдеп келеді

«Алтын алқа» иегері Гүлжан Бөлекбаева бұл күнде Ахмер ауылы Омаров көшесі 33/2 мекенжайында тұрып жатыр. «Тұрып жатыр» деп толықтай ауыз толтырып айтуға келмес. Шарасыз екі бөлмелі үйдің бір бөлмесінде бес баламен «Алтын алқа» иегері, ал екінші бөлмесінде Әсел есімді жалғызбасты ана үш баламен күн кешуде.

– Мен Зайсан ауданы Жарсу ауылында туып өстім. Ауылда балаларымды бағу үшін тары-талқанымды сатып күн көрдім. Кейіннен аудан орталығына көшіп бардым. Сол кездері аудан әкімі «Алтын алқа» аналарына баспана берді. Маған нақты жауабын айтпай-ақ уақытша бір үйге кіргізді. Кейіннен бізден тұрып жатқан үйімізді босатуды талап етті. Әкімдіктің алтын құрсақты аналарға көрсеткен сыйы осы болса деп, ақыры барар жер басар тауымыз қалмаған соң қалаға бет бұрдық. Мұнда келгенде де жағдайымыз ауыр болды. Балаларым кішкентай болғандықтан қатты қиналдым. Анда көшіп, мұнда көшіп балалардың күйісі кетіп қалды. Шарасыздықтан вагонда да тұрып көрдік. Әсел екеуіміз жұмыс істеп жүріп таныстық. Сосын келісіп осы шағын үйде бірге тұрып жатырмыз. Қалалық әкімдікке де, «Нұр Отанға» да кіріп жағдайымды айттым. Бірақ еш нәтиже жоқ. «Әне береміз, міне береміз» деумен әлі келеді. Қазірде солай. Осында тұрғанымызға 11 жыл болды, – дейді Гүлжан Бөлекбаева.

Кейіпкеріміз бүгінде сегіз баланың анасы. Бәрінен бұрын ананың жанына бататыны, екінші топтағы мүгедек баласының тағдыры. Оның сырқаттанғанына міне, биыл екі жыл. Үйсіз-күйсіз күйзеліп жүрген жалғызбасты ананың жан жарасы күн өткен сайын ушыға түсті. Себебі баласы Жәнібектің науқасы барған сайын үдеп келеді. Тіпті дәрі-дәрмектен де бас тартыпты. Көпбалалы ананың сөзіне сүйенсек, үй иесі кез келген уақытта олардан үйді босатуын талап етуі мүмкін көрінеді. Ал қожайын бұл екі отбасыны белгілі себептермен шығарып жіберген жағдайда бала-шағасын шұбатып қайда баратындарын өздері де білмейді.

– Жуықта қала әкімі Жақсылық Омарға бардым. «Таяуда сіздің мәселеңізді шешеміз. Өзіміз телефон шалып бір хабарын айтамыз» деді. Міне, содан бері телефон қоңырауын әлі күтіп жүрмін, - деді ол.

Үйі бірдің күйі бір

«Үйі бірдің күйі бір» дегендейін бастарына түскен қиыншылықты бірге көріп, бірінің баласына бірі қарасып екі ана қалт-құлт етіп өмір сүріп келеді. Аядай үйдің бір бұрышында үш баламен Әсел тұрып жатыр. Балалары 10, 7 және 2 жаста.

– Өзім Балалар үйінде өстім. Қазір үш баламен осында тұрамын. Тұрақты жұмысым да, басымда баспанам да болмағандықтан арасында баламды қалдырып жалдамалы жұмыс істеуіме тура келеді. Балаларыма тамақ тауып беруім керек қой. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бөлмеміз өте тар. Екі бөлмелі үйде он жан тұрып жатырмыз. Әйтеуір жансауғалағанымыз болмаса үйіміз суық. Сондықтан болар, екі жасар сәбиім жиі ауыра береді. Оқушы балаларымызда тіпті сабақ қарайтын орын жоқ. Оқу үлгерімдері де төмендеп кетті, – дейді Әсел өз сөзінде.

Шынында да үй өте тар. Кіреберісте аяқ киім шешетін кішкене қалқанша тұр. Одан әрі бірден асбөлме басталып кетеді. Сол жақ бөлменің тарлығы соншалық, төрден есікке дейін төсек қойылған. Бұл үш бала мен Әселдің орны. Ал оң жақ бөлмеде бес баламен Гүлжан Бөлекбаева тұрады. Қоса кетейік, жаңағы асбөлме деп отырғынымыз негізі оң жақтағы үйшік екеуі бір бөлме болатын. Тек ортасын үлкен пешпен ғана бөліп қойған. Кейіпкерлеріміздің айтуынша, олар кешкісін бір қазаннан бірге тамақтанады екен. Бұл үйде жалпы саны он адам тұратынын ескерсек, балалардың дұрыс тамақтануының өзі қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті. Бір байқағанымыз, кішкене үстелдің басында төрт-ақ орындық тұр.

– Кішкентай болғандықтан балалар тынышсыздау. Үлкендеріне сабақ қаратпады екен деп оларды сыртқа шығарып жібермеймін ғой. Баспана азабын балаларыммен бірге көріп келемін. Үйде тіпті ауа жетпей қалады. Жатарда есіктен төрге дейін төсек салып, жерде иін тіресіп жатамыз. Әкімдіктегілер біздің баспана мәселемізді тезірек шешіп берсе екен дейміз, - дейді тағдырдың тауқыметін тартып келе жатқан Гүлжан Бөлекбаева.

Мәселе таяуда шешілмейді

«Алтын алқа» иегерінің баспана мәселесін жазбас бұрын қалалық әкімдікке хат жолдаған едік. Өкінішке қарай, қала әкімі «Таяуда сіздің мәселеңізді шешеміз» деп Гүлжан Бөлекбаеваға берген уәдесін газет редакциясына жолдаған жауабында нақтылай алмады.

Гүлжан Бөлекбаева үй кезегіне 2014 жылдың 11 маусымынан бастап тұрады. Қазіргі кезде ол № 1300 болып, толық емес отбасы ретінде тіркелген. Көпбалалы анаға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй мұқтаждар есебінде тұратын азаматтарға өтініш берілген күннен бастап тізімде белгіленген кезек ретімен беріледі, – деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Баспана беру тәртібі бойынша бірінші кезекте Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, жетім балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрындары «Батыр ана» атағын алған аналар алады. Десе де 8 баланың анасы Гүлжан Бөлекбаева үй кезегінде «Алтын алқа» иегері емес, жалғызбасты ана ретінде тіркеліп тұр. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылы «Алтын алқа» иегері категориясы бойынша пәтер бөлінбеген.

Жар құлағы жастыққа тимей қалалық әкімдіктің табалдырығын тоздырған көпбалалы ананың енді қанша тентірейтіні әлі белгісіз. Десе де жалғызбасты ананың көкейіндегі «әкімдік пәтер беріп қалар» деген үміті алға жетелеп келеді. Бірақ біздің байқауымызша, баспана мәселесі толық шешілгенше күйісі кеткен балалар бұл машақатқа әлі талай малтығатын сияқты.

Таунар ҚАЙРАТ