Өскеменде AMANAT партиясының ШҚОФ жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

358
көрілім

Жиында жастардың бос уақытын ұйымдастыру және спортқа деген қызығушылығын арттыру, жас ұрпақты тәрбиелеуде әскери-патриоттық бағытты дамыту сынды тақырыптар қозғалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңірде өтетін жарыстар мен жас буынға арналған спорттық бағдарламалар туралы ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсұмбаев айтты.
- Жастарды спортқа тарту үшін түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Оның ішінде Өскеменде өткен ALTAY JUMPING, Altay Half Marathon және тағы басқа жарыстар бар. Бұл шаралар тегін болғандықтан ниет білдірушілер аз болған жоқ. Бүгінде 2020-2025 жылдарға арналған спорт картасы әзірленіп, нәтижесінде арнайы құрал-жабдықтармен жарақтандырылған секциялар ашылды, - деді ол.
Шара барысында басқарма басшысының орынбасарына: «Бізде дүбірлі додалардан жүлделі орын алып жатқандар жетерлік. Бірақ өскемендіктердің көбісі оларды біле бермейді. Қаланың әдемі жерлеріне сол спортшылардың суреттерін жариялауға бола ма?» деген сауал қойылды.  Серік Құсұмбаев қолдап,жүзеге асыру үшін нұсқаларын қарастыратынын айтты.
ШҚО Қоғамдық даму басқармасы жастармен және азаматтық қоғам институттарымен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабековтың айтуынша, жастарды еңбекпен қамту жұмыстары да өз нәтижесін беріп отыр. Волонтерлер белсенділік танытып, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсеткен. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін «Жайдарман», «Мектеп лигасы» сияқты шаралар ұйымдастырылуда.     

Валентина СЕЙІТҚАНОВА