Шілде айының 23-і күні Өскемен қалалық полиция басқармасы ЖБО-ның "102" каналына түнгі сағат он шамасында қоңырау түсіп, әйел адам кәмелетке толмаған қызын іздеп табуға көмек сұраған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, 12 жасар қызы анасы күнделікті шығындарына деп берген ақшасын жоғалтып алған. Екеуара ұрыс шығып, ренжіген баласы үйден кетіп қалыпты.
Өз бетімен іздеп, нәтиже шықпаған соң анасы арызбен полицияға жүгінді.
- Хабарламаны алғаннан кейін полицейлер дереу жоғалған жасөспірімді іздеуге кірісті. Жақын маңдағы көшелер мен аулаларды мұқият аралап, өтіп бара жатқан адамдардан жауап алды. Тәртіп сақшыларының жедел әрекеті арқасында кәмелетке толмаған бала арада екі сағат өткенде Нефтебаза ауданынан табылды. Полицейлер табылған жасөспірімді ата-анасына аман-есен тапсырды, - деді Өскемен қаласы ПБ бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Орал Рыспаев.
Табылған қыздың анасы Өскемен қ.ПБ қызметкерлеріне қызын іздеуде жедел әрекет етіп, көмек көрсеткені үшін шын жүректен алғысын білдірді.
Полицейлер азаматтарға кәмелетке толмаған балаларына мұқият болуды және бала немесе жақын туыстары жоғалып кеткен жағдайда, өз бетінше іздеуге уақыт жоғалтпай, дереу 102 телефоны бойынша полицияға хабарласуды ескертеді.