Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада Халықаралық әйелдер күніне орай сурет көрмесі ашылды.
«Аңызға айналған аналар» атты фотокөрмеге қазақ және шетел ақын - жазушыларының фотосуреттері ел назарына ұсынылды.
- Көрмені қазақ шежіресінде есімдері алтын әріптермен жазылып, аты аңызға айналған аяулы аналарымыздың биылғы мерейтойларына орай ұйымдастырып отырмыз. Елі үшін еткен ерен еңбектерін ұрпаққа ұлағат еткенді жөн көрдік. Фотокөрменің видео-нұсқасын кітапханамыздың әлеуметтік желісінен де көруге болады, - дейді кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова.
Атап айтқанда: Нәзипа Құлжанова - 135 жыл, қазақтың тұңғыш педагог-ғалымы, этнограф, журналист-аудармашы; Нағима Арықова – 120 жыл, 1918 жылдан бастап еліміздегі әйелдер қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, қоғам қайраткері, журналист; Шара Жиенқұлова – 110 жыл, ұлттық би өнерінің негізін салушы, Қазақстанның халық әртісі; Күләш Байсейітова – 110 жыл, КСРО халық әртісі, «Шығыс бұлбұлы» атанған ғажап дауыс иесі. Қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі; Жамал Омарова – 110 жыл, Қазақстанның халық әртісі. 1926 жылы небәрі 14 жасында Орта Азиялық балалар олимпиадасында бірінші орын алған; Айша Ғалымбаева - 105 жыл, Қазақстанның халық суретшісі, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш кәсіби суретші; Роза Бағланова – биылғы 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Халық қаһарманы. Қазақ әндерін әлемнің 54 елінде шырқап, «Бұлбұл әнші» атанған дарын; Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың – 100 жылдықтарына орай және тағы басқа қазақтың аңызға айналған аналарының мерейтойларына орай фотосуреттерін мольбертте ұсынды. Көрме жыл көлемінде ұйымдастырылатын болады. Ақпараттар арнайы QR коды арқылы көруге болады.
Айта кетейік, кітапханада фото көрмемен қатар, «Аналар қаламының құдыреті» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Мұнда қазақ және шетел әйел жазушыларының кітаптары қойылған.