Облыс орталығында ащы суға тойып алған әйел көпқабатты тұрғын үйдің подъезінде суқаны сүймейтін көршісін жолықтырып қалады. Тентек су әл берген ол өзінің көршісіне былапыт сөздер айтқан. Бұл қорлыққа төзбеген азаматша бірден сол жерге тәртіп сақшыларын шақырады, алайда масайған әйел лезде келіп жеткен құқық қорғау органының қызметкерлеріне бағынудан бас тартқан. Бұл жайлы Өскемен қалалық №2 сотының іс-материалдарында белгілі болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Аға лейтенант Ерсанат Ерғалиев (адамдардың аттары толықтай өзгертілген) 18.00-шамасында Бажов көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үйде шыққан шуды басу үшін барады. Оқиға орнына табан тіреген полиция қызметкері масаң күйдегі 25 жастағы Викторияны сабырға шақырып, қоғамдық тәртіпті бұзбауды талап етті, алайда аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан әйел бұл сөзді тыңдаудан мүлде бас тартады. Осыдан соң Ерсанат Ерғалиев жөнге келмеген азаматшаны полиция бөліміне алып кету үшін қосымша екі полицейді көмекке шақырады. Келіп жеткен тәртіп сақшылары Викторияға өздерінің қызметтік көліктеріне отыруды өтінген. Көлік ішінде әйел өзінің алдында отырған полиция қызметкерінің арқасынан тістеп алады. Осының салдарынан құқық қорғаушының арқасы қанап кеткен.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, осындай бассыз әрекетке қатты мас болғандықтан барғандығын айтып, бұл ісіне өкінетіндігін жеткізді. Сот үкімімен сотталушы ҚР ҚК-нің 378-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар, айыпталушы 120 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тартылды.