15-17 шілде аралығында «Неке Сарайында» «Art Gallery-2024» атты заманауи өнер көрмесі өткізіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көрмеде отандық суретші, графикалық дизайнер әрі иллюстратор Даурен Тасбулатовтың туындылары көпшілікке ұсынылды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, іс-шараның басты мақсаты – жұртшылықтың отандық бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыру. Мұндай көрме Өскеменде тұңғыш рет өткізіліп отыр.
Алматыдан келген қылқалам шебері келген қонақтарға өз алғысын білдіріп, шараның ашылуында ағынан жарылды.
- Бұл – менің алғашқы жеке көрмем. Бұған дейін Алматы, Түркістан, Семей қалаларында басқа суретшілермен ортақ көрмелерге қатысып жүрдім. Өзім аралас техника арқылы түрлі тақырыпта сурет салып келемін. Цифрлы живопись пен дәстүрлі материалдарды қатар қолданамын. Суреттерімді басты үш тақырыпқа бөлуге болады: түркі тілдес халықтардың мифологиясы, әлеуметтік тақырыптар мен коммерциялық мақсатта салынған суреттер. Қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамай, оны өз өнерім арқылы көпшілікке көрсеткім келеді, - дейді Даурен Тасбулатов.
Кеш барысында суретші жақында ғана аяқтаған жаңа жұмысын тұңғыш рет өскемендіктерге көрсетті. «Жер – Ана» атты қолмен салынған түпнұсқа туындысы бірден жұрт назарына ілікті. Сондай-ақ оның бірнеше жұмысы сатылымға шығарылды.
- Еуропа елдерінде суретшілер өз көрмелеріне қатыспайды, келген қонақтармен де байланыс орнатпайды. Ал маған керісінше, адамдармен танысып, араласқан ұнайды. Бұл маған шабыт береді. Сондықтан көрмеге келгендердің барлығына зор алғыс білдіремін, - деді ол.
Айта кету керек, өнер көрмесінен жиналған қаражаттың бір бөлігі қайырымдылық мақсатында ерекше баласы бар аналарға арналған «Mamampro_Oskemen» қорының шотына аударылады.
Қымбат МУХАМАДИЕВА