Өскемен қаласында арзанға қант сатамын деп 300-ге жуық адамды алдаған әйел 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қалалық №2 соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, айыпталушы 2022 жылдың жазында Өскемен дүкендерінде қант тапшылығы туындағанын пайдаланып, WhatsApp мессенджері мен әлеуметтік желілерде қант сататындығы жайлы хабарландыру жариялаған.
«Ол қантты нарықтағыдан әлдеқайда төмен бағада 100% алдын ала төлеу шартымен ұсынды. Бұған сенген 289 адам алаяққа өз ақшаларын аударған. Алайда әйел қантты да бермей, ақшаны да қайтармай, хабар-ошарсыз кетті», - делінген ақпаратта.
Осылайша, сотталушы 100 млн теңгеден астам пайда көрген. Сот шешімімен қала тұрғыны ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.