Осы жолы облыстық Драма театры ұжымы қала тұрғындары мен қонақтарын Уильям Шекспирдің спектаклімен қуантты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі,
Бұл қойылымның әлемдік классиканың алтын қорына енгенін театр меймандары да бірнеше қайтара айтқан еді. Желтоқсанның ызғарлы кешінде көгілдір экранның ары жағынан фильм тамашалағанша, мәдениет үйіне келіп, сергіп қайтуды жөн көрген. Айта кетейік, желтоқсанның 7-сі күні «Асауға тұсаудың» жабық көрсетілімі өтіп, актерлер аз адамға өнерлерін паш етті. Ал сенбідегі адам қарасы мол. Зал толып кетпесе де, көбі алды ала орындарына жайғасуға асықты.
Транио, Люченцио, Бьянка, Грумио және тағы басқасы мұңды комедияның басы-қасында жүрді. Басты кейіпкерлер Петручио, Баптиста, Катариналар әр диалогтарында қойылымның астары мұңға толы екенін жеткізіп бақты. Айтпақшы, бір байқағанда сөйлем құрылысы оралымды әрі қысқа естілді. Қабылдауға жеңіл. Өнерпаздардың айтуларынша, арнайы шақырылған қоюшы-режиссер, Тәжікстанның еңбек сіңірген қайраткері Барзу Абдураззаков декорацияны да жетеріне жеткізген.
- Біздің қойылым авторы қалыптастырған терең мағынаны жоғалтып алмауымыз керек болды. Дайындық барысында өзімізге қаталдық таныттық. Ойды, сондағы шиеленісті жағдайды жеткізу үшін бізге дәлдік керек. Театр актерлері аз еңбектенбеді. Дауысты бірқалыпты сақтап, шеберлік таныту оңай емес. Осыны біртұтас дүние етіп шығару үшін режиссер етіп шақыртқандарына алғыс білдіремін, - деді Тәжікстаннан келген мейман.
Ал өнерпаздардың киген киімі, сөйлеу мәдениеті ағылшын жұртының XVIII ғасырдағы ғұмыр-тіршілігінің көрінісінен сыр шертті.
Үйлесімді диалог, сахнаны әрлеу, дайындық пысықталған соң мұңды комедияны көрерменге жеткізу әртістерге артылған жүк еді. Бұл ретте Катаринаның рөлін сомдаған Аяулым Тұрұсбекова махаббаттағы керағар сәтті аз сөзбен-ақ жеткізді. Жігіттің (Петручио) қыздың көңілін жібітіп, өзіне қаратуға деген әккі әрекеті, Катаринаның оның ырқына көнген сәті көрер көзге еріксіз мұң ұялатты. Ал бұрымдының болмысы тұрақты, алданыш сөздерге ере бермейтін біткейлігі көп адамның таңданысын туғызбай қоймады. Айтпақшы, Катаринаға көңіл білдірген жігіттердің бірі қыздың әкесі Баптистаға грек, латын елдерінің көркем-әдеби кітаптарын сыйға тартуы рухани бағытта жасалған сәтті қадамдардың бірі деп қабылдадық. Петручио Катаринаға сезім тұрғысынан «Әлсіз лептен жел үдейді» десе, Катарина Петручиоға «Сен байғыздан да ақымақсың» деп кесіп айтты. Алдағы өмірін онымен бірге елестете алмаса керек. Петручио болса, түбі дегеніне жетіп, қызбен үйленетін болып шешті. Мұндайда қуаныштың соңын ащы сумен жуу әдетке айналған. Ал той болған сәтте қыздың әкесі Баптиста бастаған бір топ адам шараны қуанышпен атап өтпеді. Ол кездегі музыканың өзі трагедиядан тамыр тартып тұрды. Қызметші Кертистің асауға тұсау салынса да, Петручионың шектен шыққанын, жағдайдың ушыққанын монолог ретінде жеткізіп, көпке ой салды. Әйел теңдігі мәселесі ол ғасырда да өзекті болған.
Әділхан ЕСІМХАНОВ