Өскеменнің іргесінде қоныс тепкен Самсоновка ауылындағы саяжайлардың бірінде ішімдік ішкен күйі қызанақтарды байлап жүрген азамат көрші үйден өзінің жездесін байқаған. Апайының күйеуіне бұрыннан өштескен ер адам сол сәтте оның қасына барып жанжал шығарады. ШҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралған сот ісінің материалдарына сүйенсек, сол даудың соңы пышақ сілтеумен аяқталған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Ащы суға масайған еркек көрші үйдегі жездесіне барып «Менің қайтыс болған анамды кезінде сен жындыханаға жатқызғансың» дегенді айтады. Осы кезде екеуінің арасында дау туындап, оның соңы төбелеске ұласқан. Сол кезде кеудесін ашу кернеген еркек саяжайда жұмыс істеген кезде қолданып жүрген пышағын қолына алып, жездесінің ішіне бірнеше рет сұғып жібереді. Соның салдарынан жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтірілген.
Осы оқиғаның мән-жайы Шығыс Қазақстан облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында талқыға салынды. Сот барысында өз кінәсін ішінара мойындаған айыпталушы:
– Түстен кейін саяжайда қызанақтарды байлау үшін пышақпен жіп кесіп жүрген болатынмын. Сол уақытта мені жездем «Бері кел» деп айқайлап шақырды. Жұмысымды тастай салып қасына барып едім «Айтқанды неге тыңдамайсың?» деп көзімнен жұдырығымен ұрып жіберді. Мұнымен қоймай, басыма, кеудеме соққылар жасап, жерге құлатты да, тепкіге салды. Өзімді қорғау үшін пышақ алып шығып, оның іш тұсына қарай сұқтым, – дегенді айтады.
Алайда, судья сотталушының бұл сөздері жауапкершіліктен жалтару әрекеті деп тапты. Сот үкімі бойынша ҚР ҚК-нің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылған айыпталушы 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді.