Өскеменде аутист балаларға арналған балабақша ашылды

651
көрілім

Тәуелсіздік күні қарсаңында қалада ашылған балабақша аутизмге ұшыраған балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесін толығымен шешеді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Бұл жоба қала әкімдігі мен бизнес-құрылымдардың әлеуметтік серіктестігі аясында жүзеге асырылды. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар тарапынан 31 миллион теңгеден астам қаржыға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылмақ. Балабақша 80 баланы қамти алады.

"Страна чудес" балабақшасы аутистік спектрі ерекше балаларды қолдау үшін заманауи жабдықталып, білікті мамандармен қамтамасыз етілген.

Ашылу рәсіміне қатысқан Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар инклюзивті білім берудің маңыздылығын атап өтті.

Бүгінде Өскеменде 3-6 жастағы ерекше күтімді қажет ететін 1415 бала тұрады. Оның 85-і аутистік спектрі бұзылғандар санатында. Білікті көмек әлеуметтік ортада өмір сүру үшін балалардың әлеуметтік, коммуникативтік және тұрмыстық дағдыларын түзетуге, сондай-ақ оларды мектептердің инклюзивті сыныптарында одан әрі оқуға дайындауға көмектеседі.