Өскеменде аутизм мәселесін шешуде дұрыс қадамдар қалыптастыруға арналған семинар өтті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Берілген ақпаратқа сүйенсек, облыста үш мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала тұрады. 596 адам балалар психиатрларының динамикалық бақылауында тұр. Оның ішінде, 261-і балалар аутизмімен, 332-сі атипті аутизммен, үш бала Аспергер синдромымен ауырады. 382 баланың мүгедектігі бар.
– Бүгін біз осы қалада «Аутизм мәселесіне біртұтас көзқарас» тақырыбында семинар өткізіп жатырмыз. Іс-шараның алғашқы бөлігінде теорияға мән беріледі. Біздің орталықта барлық маман ерекше балалардың ата-аналары болып келеді және біздің жобаның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар баланың анасына білім беру. Оның баламен дұрыс қарым-қатынас жасап, оның тәртібімен жұмыс істей білуі маңызды. Маман емес, ананың баласымен тығыз қарым-қатынас жасауы есепті, біз қолға алған әдіс жемісін беріп жатыр. Ең дұрысы, ана өз ұл-қызына әрі дефектолог, әрі логопед және терапия жаттықтырушысы бола алады. Бұл өте қиын жұмыс. Ұлыма өзімнен басқа ешкім көмектеспейтінін түсініп, осы мамандықтардың барлығын өзім оқи бастадым, – дейді жоба ұйымдастырушы-Сайяра Михрамова.
Семинарды Алматы қаласының «Мейірімділік ерікті қоғамы» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Шараға 80-нен астам адам қатысты.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған оңалту орталығының психологы Әсем Исанованың айтуынша, мұндай семинарлар ұстаздар үшін де, ата-аналар үшін де маңызды. Сондай-ақ ол көптеген пайдалы ақпарат алғанымен бөлісті.
– Маған семинардың практикалық бөлімі ұнады. Жаттығулар балаларға пайдалы. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға ыңғайлы қозғалыстар қарастырылған, – деп бөлісті ерекше баланың анасы Елена Чернякова.
Асинат МУРТАЗАЛИЕВА