Бүгінгі күнге дейін «Ауыл» партиясының облыстық филиалында ұзын-саны 4873 мүше бар, бастауыш партия ұйымдарының саны – 107. Өңір бойынша бес мәслихат депутаты бар, оның ішінде: біреуі – облыстық, қалған төртеуі – аудандық мәслихат депутаттары.
Партиялықтар ауыл тұрмысының мәселелері мен жастарын қолдау қажеттілігі туралы сөз қозғады
Ауылдың жандануы – «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы мүшелерінің негізгі міндеті және мұны «Ауылым-- алтын бесігім» республикалық бағдарламасы аясында жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Жоғарыда айтылған V партиялық конференцияда «Ауыл» ХДПП пайда болған жылдан бері атқарылған жұмыстар бойынша жауапты адамдар есеп берді.
– Қалалар мен аудандардағы партиялық ұйымдар қалай жұмыс істейді? Бірі – жұмысқа белсеніп кіріссе, бірі – сылбырлық танытады, – дейді ШҚО бойынша «Ауыл» ХДПП төрағасы Камал Арнаханов. – Атап айтсақ, Өскемен қаласының, Күршім, Үржар, Ұлан, Аягөз, Глубокое және Тарбағатай аудандарындағы партиялық ұйымдар жұмыстарын сәтті атқаруда. Бұл жерде Семей қаласының. Бесқарағай, Бородулиха, Көкпекті сынды аудандардың партиялық жұмыстарына жоғары баға беру қиын, себебі ол жақтарда басшылар жиі ауысып, филилал жұмысының көрсеткішіне әсер етуде. Сондықтан қалалық және аудандық бастауыш партия ұйымдарына өз жұмыс тәсілін өзгертіп, партия құрылымындағы қызметтердің табысты болуы үшін тың ұсыныстарын ортаға салғандары маңызды. Әсіресе жастарды көптеп тартып, идеологиялық жұмыстар атқару қажет.
Партия жұмысының бүгінгі күнге дейінгі маңызды тұстары талқыланды
Сонымен келелі бастамалардың негізі ретінде 2016 жылы өткен өндіріс озаттарының республикалық форумын атап өтуге болады. Содан бері жыл сайын желтоқсан айында аталған форум аясында түрлі салалардағы іскер жандарды Мемлекет басшысы атынан медальдармен, ордендермен марапаттап келеді. Өткен үш форум бойынша облыс аумағының барлық сала бойынша табан аудармай жұмыс істеген «Ауыл» ХДПП-тың 38 мүшесі марапатталған. Олардың барлығы дерлік қатардағы қарапайым жұмысшылар, мәселен, сауыншылар, бақташылар, механизаторлар мен жүргізушілер, малдәрігерлері және тікұшақ пилоттары.
Партияшылар бірқатар мәселелерді де көтерді. Айталық қала құраушы мекемелердің жабылуынан жұрттың ауылдардан үдере көшуі. Бұл орайда, Ұлан ауданының бұрынғы орталығы – Бозанбай ауылын алып қарастырсақ та болады. Ол жаққа мамандар жетіспейді деп, келген жандарды тұрғын үйлерге орналастырды. Ескірген үйлерді несиеге алуға жастардың мүмкіндігі жоқ, ал жаңасын салайын десе уақыт тапшы. Сол себепті жастарды лайықты баспанамен қамтамасыз ету үшін жаңа үйлер салу бойынша мәселесі көтерілді.
«Ауыл» ХДПП төрағасының бірінші орынбасары Толымбек Габдильашимовтың айтуынша, партия өз әлеуетін көрсетіп, сайлауға түсу үшін өз үміткерлерін ұсынулары қажет.
– Парламентте біздің болуымыз міндетті! Әйтпегенде ауыл болашағы үшін кім қам жейді? Әрине, «Ауыл» партиясының өкілдері, – дейді бірінші орынбасар. – Біз Президент сайлауына қатысып, дауыс саны бойынша тіпті парламенттік партияның алдын орадық. Біздің мақтан тұтатын жұмыстарымыз жетерлік. Ауылды жандардыру – қазіргі қойып отырған басты мақсатымыз. «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасының шығуы жайдан жай емес. Себебі лауазымды қызметтегі азаматтардың басым бөлігі – ауылды жерден шыққандар.
Бүгінде «Ауыл» ХДП – еліміздегі бірден бір ауылшаруашылық партиясы, алайда әзірге парламенттік емес. Сондықтан оның мүшелері арасынан белсенділерін жоғары қарай жылжыту біз үшін маңызды болып отыр.