Өскеменде автомеханик клиентінің көлігін сатып жіберді

608
көрілім

Ішімдікке тәуелділік банкроттыққа жеткізген автомеханик досының көлігін жөндеп беруге уәде беріп, артынша сатып жіберген. Болған істің мән-жайы Өскемен қаласы №2 сотының материалдарында баяндалған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өскемен қаласының 36 жастағы тұрғыны жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жалға алған техникалық қызмет көрсету станциясында автокөліктерді жөндеумен айналысқан. Алайда ішімдікке құмарлық кәсібін құртып тынды. Автослесарь біртіндеп барлық құрылғыларын сатып, ақшасын араққа жұмсады.

Жөндетуге қалдырып кеткен танысының шетелдік көлігін ер адам хабарлама арқылы тапқан автокөліктің қосалқы бөлшектерін алатын кәсіпкерге 200 мың теңгеге сатып жіберген.

Жөндеу мерзімі аяқталған кезде келіп, көлігін таппай қалған иесі полицияға жүгінеді. Сот оны ірі көлемдегі алаяқтық бойынша айыптап, шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Бұған қоса, айыпталушыға мәжбүрлі түрде алкогольдік тәуелділіктен емдеу тағайындалды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.