Әуежайда спортшылардың жақындары мен достары, бапкерлер жиналып, атлеттерді жоғары нәтиже көрсетулерімен құттықтады, - деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдымен желаяқ Ефим Тарасов пен биіктікке секіретін Надежда Дубовицкая жанкүйерлермен жүздесті. Екеуі де қола жүлдегер. Оларды қолдап, жылы лебізін білдіруге ШҚО Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов келді. Басқарма атынан құттықтап, екі медальды да алтынға бергісіз деді.
Надежда Дубовицкаяның сөзінше, Ханчжоу жеріндегі аламанда чемпион бола алмаса да, қытайлықтар ұйымдастыру жағынан барын салған. Тіпті, бұл жағынан үздік деді.
– Жанкүйерлердің көптігі сондай, қолдау білдіргісі келген өзіміздің біршама отандасымыз әрең сыйды. Жалпы, сайыс нәтижесі біз ойлағандай бола қоймады. Соған қарамастан соңына дейін күрестік, мінез көрсеттік. Сәл жетпей қалған тұсы бар. Бірақ осының бәрі жіберген қателіктерімізді түзеуге себепші, – деді Дубовицкая.
Жеңіл атлет бір сөзінде бұл маусымның былтырмен салыстырғанда қиынға соққанын айтты. Оны эмоциялық және психологиялық тұрғыдағы жүктемелер, түрлі өзгерістермен байланыстырды.
– Дайындық кезінде бар мүмкіндігімізді паш ете алмадық. Кейбір маусымда әзірлік деңгейі мүлде бөлек болады, кейде тізгін тартамыз. Қалай болғанда да алдағы сайыстарда тек жоғары нәтиже көрсететінімізге сенімдіміз. Өзбекстандық қос спортшы алдымды орады. Сайыста қарсылас болсақ та, өмірде доспыз. Шыны керек, екі ел арасындағы бәсекелестік жыл өткен сайын қызып келеді, – деді спортшы.
Ал құрамында Аделина Земс, Александра Залюбовская, Дмитрий Коблов және жерлесіміз Ефим Тарасов өнер көрсеткен төрттік 4*400 метр қашықтықтағы эстафета жарысында мәре сызығын төртінші болып кесті. Тек үшінші орын иеленген шри-ланкалық атлеттер тәртіп бұзып, жарыстан шеттелді. Нәтижесінде қазақстандық спортшылар қола медальға қол жеткізіп, Бахрейннен келген желаяқтар төртінші орынға тұрақтады.
– Осы маусымды мен үшін сәтті өтті деуге болады. Жекелей сында 47,09 уақытын көрсеттім. Тәуір көрсеткіш, бірақ жүлдеге жетпеді. Мақсатым 46 секундтың ішіне ілігу болатын. Бір есептен, Қытайдағы ауа райына бірден үйреніп кету қиынға соқты. Қазір спорттық бабыма еніп келемін. Бұған дейін жастар сапында жүріп, ересектерге ауысқанда ара-тұра жаттығуды үзіп алған едім, – деді жерлесіміз.
Аздан соң 200 метрге каноэде есуде Азия ойындарының күміс медалін иеленген Маргарита Торлопова келді. Сұңғақ, иықты, мығым. Айтуынша, Ханчжоуға жоғары дайындықпен барды. Айта кетейік, жерлесіміз Ульяна Киселевамен жұптасып өнер көрсетті.
– Мақсатымыз алтын алу еді. Барымызды салдық, бірақ бұны да жақсы жетістік деп санаймын. Әрі қарай дайындықты күшейтеміз. Келесі аламанда тұғырдың ең биік сатысынан көрінсем деймін, – деді спортшы.
Әділхан ЕСІМХАНОВ