Өскеменде баға тұрақтылығы әлі де сақталмай отыр

514
көрілім

Елдегі төтенше жағдайға байланысты Өскемендегі қалалық мәслихат депутаттары, қоғам мүшелері мен БАҚ өкілдері бірлесе шаһардағы бірнеше көтерме сауда орталықтарындағы баға тұрақтылығына рейд жүргізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында азық-түлік бағасының өсуінің алдын алу мақсатында арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында халық қалаулылары мен журналистер кірген. Осы комиссия үш топқа бөлініп жұмыс істейді. Бірінші жұмыс тобы бағаны белгілеу және бақылау жүргізеді. Екінші топ ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының қызметін мен сауда орындарында атқарылып жатқан санитарлық жағдайды бақылайды. Үшінші топ қоғамдық көліктердің жұмысын, автобустарда және шағын автобустарда жүргізіліп жатқан санитарлық тазалық шараларын тексереді. Тексеріс барысында құқық бұзушылық анықталса дереу тиісті шара қолданылады, – дейді Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Светаш.

Арнайы комиссия жұмыс барысында қаладағы бірнеше көтерме саула орталықтарына тексеріс жүргізді. Нәтижесінде баға тұрақтылығын бұзған кәсіпкер анықталып, оған қатысты хаттама толтырылды.

– Осы жерде бір апта бұрын қанттың бағасы 175 теңге болып тұрған. Ал қазіргі бағасы 230-ға көтерілді. Мұнда ұзын-сонар кезек. Ал басқа жерден қант алуға біздің жағдайымыз келмейді. Ұнның бағасы да күн сайын көтеріліп келеді, – дейді саудагер Саят Жеңісқанов.