Жуықта ШҚО Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен журналистер арасында өткізілген «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық конкурсының қорытындысы шығып, жеңімпаз журналистер анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған байқау биыл қаңтар-маусым айлары аралығында сырттай өткізілді. Оған БАҚ-тың түрлі саласында қызмет етіп жүрген тілшілер қауымы қатысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, конкурстың басты мақсаты – мемлекеттік тіл мәселесіне қоғамның назарын аударту, тіл мәселелерін жариялап жүрген журналистердің мақалалары, бағдарламалары арқылы отандастарымыздың санасын жаңғырту – қазақ тіліндегі контентті ұлғайту және мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту.
Қатысушылар өз жұмыстарын үш номинация бойынша ұсынды: «Үздік мақала», «Үздік теле және радиобағдарлама» және «Үздік сайт мақаласы». Материалдар 2024 жылғы 1 қаңтар мен 28 маусым аралығында бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген, соның ішінде радио және телебағдарламаларды, мемлекеттік тілдегі сайттар мен мерзімдік баспасөздегі жарияланған мақалалар. Олар аналитикалық талдау, ғылыми зерттеулер, мәселелер мен олардың шешу жолдарына да негізделген. Конкурс материалдарында қазақша сөйлеуді ұлттық брендке айналдырудың тиімді жолдары да көрсетілген.
ШҚО Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Самат Қасеновтің сөзінше, аталған байқаудың мемлекеттің тіл маңызын арттыруға үлесі зор.
– Бізге келіп түскен мақалалардың арасынан 5 үздік материал авторын іріктеп алдық. Бұл байқау келесі жылы да жалғасын табады. Өйткені, БАҚ арқылы мемлекеттік тілді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көпшілікке көрсете аламыз. Халыққа тез әрі шынайы ақпаратты жеткізу үшін тілшілермен бірлесе жұмыс істеудеміз, – дейді ол.
Сондай-ақ жауапты тұлға облыста мемлекеттік тілді дамыту алдыңғы қатарлы міндеттердің бірі екенін атап өтті.
– Шығыс Қазақстан – көпұлтты өңірлердің бірі. Аймақ әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен облыста мемлекеттік тілді үйрететін 100 орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Оқу орталықтары, әсіресе, өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған елдімекендерде орналаспақ, – деді Самат Қасенов.
Келіп түскен өтінімдердің барлығы жан-жақты қарастырылып, қазылар алқасының шешімі шығарылды. Конкурс материалдары бірнеше критерий бойынша бағаланды: қамтылған ақпараттың нақтылығы мен шынайлығы, мәселені талдау тереңдігі мен материалды жеткізу шеберлігі. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының ашық дауыс беру қорытындысы бойынша анықталады:
1. Мейрамтай Иманғали, облысқа белгілі журналист – «Үздік мақала»;
2. Мухамадиев Талғатжан Мұхаметбекұлы, Buqara.kz сайтының бас редакторы – «Үздік сайт мақаласы;
3. Есімханов Әділхан Болатханұлы, ШҚО «Менің өлкем» газеті мен Buqara.kz сайтының шығарушы редакторы – «Үздік сайт мақаласы»;
4. Жақсылықова Қарақат Жақсылыққызы, облыстық «Altai» телеарнасының редактор-жүргізушісі – «Үздік теле және радио бағдарлама»;
5. Мухамадиева Қымбат Оралханқызы, ШҚО «Менің өлкем» газеті мен Buqara.kz сайтының тілшісі – «Үздік мақала».
Жеңімпаздар ұйымдастырушы бекіткен жүлде қоры мөлшерінде арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА